Қазақ тілі әлеммен тілдесудің кілтіне айналып келеді

Қазақ тілі — ұлттың тамыры, рухани тірегі ғана емес, енді жаһандық медиамәдениет пен академиялық кеңістікте де танылып келе жатқан тіл. Жақында жарық көрген екі маңызды жаңалық — бұл тұжырымның жарқын дәлелі. Қазақ тілінің әлемдік басылымдар мен ғылыми орталықтарда көрініс табуы тілдің өрісі мен болашағына деген сенімнің нығаюы.

Бүгінгі әлем – тілдердің де, пікірлердің де жарыс алаңы. Әр ұлт өз тілінің қуатын жаңа заманға бейімдеп, оны ақпараттық, технологиялық, академиялық кеңістікте танытуға тырысып жатыр. Осы үдерісте қазақ тілі де үнсіз қалған жоқ.
Көптеген жылдар бойы қазақ тілі ұлттық саясат пен білім саласының ішінде ғана насихатталып келсе, бүгінде ол халықаралық деңгейде мойындалып, бедел жинай бастады. Бұған жуырда ғана жарияланған екі жағымды жаңалық дәлел болады.

Қазақ тіліндегі “Turning Points”: медиамәдениеттегі жаңа белес

“The New York Times” басылымның “Turning Points” деп аталатын жыл сайынғы сараптамалық жинақ саясат, технология, экология мен білім, экономика салаларындағы әлемдік ой көшбасшыларының пікірлері топтастырылатын ерекше форматтағы жоба.

2025 жылдың соңына қарай бұл басылым тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көреді. Басылымның елімізге келуін “KAZMEDIA HOLDING” қамтамасыз етуде.
“Turning Points-тің” қазақша нұсқасы жаһандық пікірталасқа қазақ тілді аудиторияның да қатысуына мүмкіндік беретін тарихи қадам. Бұл- қазақ тілінің мазмұндық аясын кеңейту, халықаралық ой жүйесіне қосылу деген сөз.

“KAZMEDIA HOLDING” бұл бастамамен шектелмей, бұған дейін “National Geographic” журналының қазақша нұсқасын да жарыққа шығарған болатын. Компания сондай-ақ “Harvard Business Publishing-пен” серіктесе отырып, “Harvard ManageMentor”цифрлық платформасын да қазақстандық нарыққа енгізуде. Осы орайда қазақ тілінің қолдану аясы медиа мен білім кеңістігінде де кеңейіп келе жатқаны анық байқалады.

Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытылады

Ұлыбританияның Оксфорд университеті ғылым мен білімнің алтын ордасы. Дәл осы беделді оқу ордасында 2025 жылдан бастап қазақ тілі жеке бағыт ретінде оқытылады. Бұл — түрік және әзербайжан тілінен кейін түркітілдес кеңістіктен енетін үшінші тіл. Осы бастаманы “Oxford Birsöz Initiative” бағдарламасы жүзеге асырып отыр.
Аталған бағдарлама аясында Қазақстаннан журналист Ләйлә Сұлтанқызы арнайы шақырылды. Ол студенттермен қазақ тілінде “Speaking Club” форматында кездесу өткізіп, заманауи мәдениет пен тілді тәжірибе арқылы меңгеруге сеп болады. Бұл жоба-қазақ тілінің академиялық мойындалуын көрсететін ерекше қадам.

Журналисттің сөзіне жүгінсек: «Қазақ тілі жәй ғана мәдени мұра емес, ол біздің болмысымыз. Тілді халықаралық деңгейде дамыту мансап емес, миссия».

 

Осы бастамалар қазақ тілінің тек ел ішінде ғана емес, әлемдік білім және мәдениет орталарында да қажет әрі қызықты екенін дәлелдейді.Бүгінде қазақ тілін меңгеруге қызығушылық білдірушілер тек Қазақстан азаматтары ғана емес. Шетелдік зерттеушілер, мәдениеттанушылар, қарапайым еуропалық азаматтар да тілді үйренуге ниет білдіруде. Бұл — қазақ тілінің мәдени салмағы мен әлемдік әлеуетінің артқанын білдіреді. Осы орайда “Turning Points” пен “Oxford” жобалары кездейсоқ емес, заңды нәтиже. Бұл соңғы жылдардағы тіл саясатының, қоғамдық қозғалыстардың, жеке бастамалардың жемісі. Ең бастысы қазақ тіліне деген сенімнің бар екенін көрсетеді.

«Тілің – тағдыры» дейді дана халқымыз. Ал қазақ тілі бүгінде тағдырлы жолының жаңа белесіне қадам басты. Бүл жолда сенім бар. Ынта бар. Мүмкіндік бар. Ал, біз жастар болашақта қазақ тілінің әлімдік аренада еркін қолданыста боларына куәгер боларымыз анық.

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *