Қайсар ғалым-дәрігер

Суретте оң жақтағы кісі – Алаш көсемінің қызы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, майор шеніндегі әскери дәрігер, түсік (аборт) тастаудың қауіпті екенін алғаш зерттеген қазақ ғалымы – Зейнеп (орысша Елизавета) Бөкейханова-Сәдуақасова (8.5.1903 Петербор – 23.6.1971 Мәскеу).

Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақаскеліні «Түсік тастаудың әлеуметтік-гигиеналық проблемасы» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап, медицина ғылымының докторы ғылыми дәрежесін иеленген. Оның «Отбасының әлеуметтік-гигиеналық аспектілерін реттеу» атты монографиясы жарыққа шыққан. Ғалым-дәрігердің бұл еңбегі КСРО тарихындағы түсік тастау мәселесіне орай жазылған №1 еңбек болып саналған. Әлі күнге дейін Ресейдің медициналық оқу орындарында осы еңбекті басшылыққа алып, оқу процессінде қолданады екен. Өздеріңіз жақсы білесіздер, түсік тастау мәселесі – қазіргі қоғамның да өзекті мәселесі болып тұрған іс. Тіпті, өзегін жоймаған мәселе десек те болады.

Зейнеп апамның суретіне қарасам, тура әкесі – Әлихан Нұрмұхамедұлын көргендей боламын. Әкесінің аузынан түскендей екен! Сұлу да парасатты, ақылды, ұстамды жан болатын дейді естеліктерде.

Әкесі мен жарынан, бауыр еті баласынан тірідей айырылып, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған Зейнеп Әлиханқызы ақтық демі таусылғанша СССР медицина саласына айрықша үлес қосты. Алайда, ғалым-дәрігердің теориялық ашқан ғылыми жаңалығына көзінің тірісінде билік тарапынан әлденеше рет тиым салынған болатын. Оны жұмыстан неше рет шығарды, ғылыми жаңалығын мойындамады. Көсемнің қызы, Смағұлдың жесірі, Ескендірдің анасы жүйкесі сыр беріп, күйзелістен өлген. Еһ, бейопа өмір!

Мәскеудегі РГАСПИ қорымен жұмыс істегенімде, осы – Зейнеп Әлиханқызының делосымен арнайы танысып, кітаптарын оқып, таңқалған едім. Зейнеп ана һақында бірқатар мақала жазыппын. Енді солардың басын қосып, архив материалдарын топтастырып, ғалымның өмір жолы, көрген қиянаты, тағдыры жайында жаңа бір зерттеу кітабымды даярлап отырмын.

Елдос ТОҚТАРБАЙ
газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *