Бірінші байлық – денсаулық, ал сол денсаулықтың кепілі – спорт. Спорт барлық тәрбие атаулының бір саласы, қоғамдағы жалпы мәдениеттің бір бөлігі болғандықтан, мемлекетімізде спорттың бұқаралық сипатын дамытуға ерекше мән беріледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Парламенттің бірінші сессиясында сөз сөйлеп, бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын дамытудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ тапсырмалар тізімін айтқан болатын.
«Қазір салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту өте маңызды. Спорт индустриясын дамыту үшін жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, демеушілер мен жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану қажет. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті де пайдалану керек. Тұрғындар үшін бұқаралық спортты дамытуға ынталы және белсенді қатысу маңызды. Мемлекет бұл үшін барлық жағдайды жасауы керек. Бұқаралық спортты дамытуға қаражат салатын кәсіпкерлер мен басқа да азаматтар салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді, ал болашақта жоғары мемлекеттік наградаларға ие болады», — деді Мемлекет басшысы Парламентке Жолдауында.
Осы орайда әкімдікте Рудный қаласының басшысы Виктор Николаевич спорт саласында орын алып жатқан өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасу, шешу жолдарын қарастыру, жас спортшыларды қолдау мақсатында өткен жылдың және ағымдағы жылды өткен республикалық және халықаралық дәрежедегі жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесу өткізді.
«Біздің спортшылар өткен жылы өткен жарыстарда ерекше нәтижелерге қол жеткізді, бірақ, өкінішке орай, 2023 жылғы қорытынды марапаттау рәсіміне қатыса алмады. Алайда олардың жетістіктері назардан тыс қалмады», — деп атап өтті қала басшысы.
Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенконың айтуынша, спорт жастарды тәрбиелеуге, мәдениетті қалыптастыру мен халықтың денсаулығын нығайтуға, олардың бос уақытын тиімді өткізуге игі ықпал етеді.Сондай-ақ кездесу барысында осы ақпанда жасөспірімдер арасындағы шорт-тректен халықаралық Олимпиадада қола медаль жеңіп алған Полина Омелчуктың жетістігін атап өтті. Спортшылар кездесу кезінде қойылған сұрақтарға ашық жауап бергені үшін қала әкіміне ризашылықтарын білдіріп, бірге естелікке суретке түсті.
«Дендеріңіз сау болсын, алдағы уақытта жеңістеріңіз жалғаса берсін! Спортта осындай жұлдызы жанған жастарымыз көп болсын! 2024 жылы спортшыларымызға қала мен елдің намысын қорғайтын жаңа табыстар мен жоғары жетістіктер тілеймін», — деп қорытындылады әкім.
Жәнібек ҚАЛАБАЕВ