Рудный қаласында көлемді қоқыс шығару мәселесі шешімін тапты
Рудный қаласында жаңа жылдық мерекелерден кейін контейнерлік алаңдарда жиналған көлемді қалдықтардың мөлшері күрт артты. Тұрғындар бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желілерде мәселе көтере бастады. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, бұл жағдайдың басты себебі — мердігер ұйыммен келісімшарттың кеш жасалуы.
Екі ай бойы үлкен көлемді қоқыс шығарылмаған
ТКШ бөлімінің басшысы Юрий Итемгенов атап өткендей, 2025 жылдың қаңтар және ақпан айлары аралығында қалада көлемді қалдықтарды шығарумен айналысатын компаниямен келісім болмаған. Тек ақпанның соңында ғана «ГБР Арыстан» ЖШС-мен келісімшартқа қол қойылды. Осы аралықта тұрғындар жиһаз, тұрмыстық техника және құрылыс қалдықтарын уақытша контейнерлік алаңдарда сақтауға мәжбүр болды, бұл өз кезегінде олардың шамадан тыс толуына әкеп соқты.
— Жыл басында жарияланған конкурс нәтижесінде Қостанай қаласында орналасқан «ГБР Арыстан» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Келісім жасалғаннан кейін, көлемді қалдықтарды шығару кестесі бекітілді. Бірақ, қалдықтардың аса көп жиналуына байланысты кесте бойынша жұмыс істеу қиынға соқты. Сол себепті мердігер компания басшылығымен кездесу өткізіліп, қосымша техника мен жұмыс күшін тарту жөнінде шешім қабылданды, — дейді Юрий Итемгенов.
Кесте бар, бірақ тәртіп жоқ
Маманның айтуынша, қазір жағдай тұрақталғанымен, тұрғындардың кестеге сәйкес әрекет етпеуі белгілі бір қиындықтар тудырып отыр.
— Егер қалдықтарды шығару дүйсенбіге жоспарланса, оларды демалыс күндері — сенбі немесе жексенбіде шығару керек. Бірақ көп жағдайда тұрғындар қалдықтарды күн сайын шығарады. Мұның салдарынан алаңдар үнемі толып тұрады. Бұл өз кезегінде уақытылы тазалау жұмыстарын жүргізуді қиындатады, — дейді Итемгенов.
Қазіргі таңда әр контейнерлік алаңнан үлкен көлемді қоқыс қалдықтары айына екі рет шығарылады. Дегенмен, бөлім қызметкерлері тұрғындарға ыңғайлы болу үшін апта сайын шығару ұйымдастыруға тырысуда. Ең тиімді жағдайда әр аумақ айына төрт рет толық тазартылуы тиіс.
Қандай қалдықтар шығарылады?
Келісімшартқа сәйкес, мердігер компания жиһаз, тұрмыстық техника және құрылыс қалдықтарын шығаруға жауапты. Алайда ағаш бұтақтары бұл тізімге кірмейді.
— Жыл сайын көктем мен күз мезгілдерінде ағаштарды кесу жұмыстары кезінде бұтақтар қоқыс алаңдарына лақтырылады. Бірақ бұл қоқыс қатарына жатпайды. Егер бұл қалдықтарды бірге шығара берсек, қаражат жарты жыл ішінде толықтай жұмсалып қояды. Сол себепті, тұрғындар мен ПИТК өкілдеріне бұтақтарды өз бетінше жоюды сұраймыз, — деп түсіндірді бөлім басшысы.
Тариф мәселесі әлі де ашық
Қазіргі уақытта көлемді қалдықтарды шығару қызметі қатты тұрмыстық қалдықтар тарифіне кірмейді. Бұл – қосымша төленетін қызмет. Мұндай жүйе бірнеше мердігер компаниялардың жұмыс істеуіне себеп болып, өзара әрекеттесудің қиындауына алып келеді.
— Егер үлкен қоқыс қалдықтары ҚТҚ тарифіне енгізілсе, жүйе тиімді әрі бірізді болар еді. Бірақ ол үшін заңнамаға өзгеріс енгізілуі қажет. Сонымен қатар, бұл тарифтің екі есе қымбаттауына әкелуі мүмкін. Осы орайда тұрғындардың пікірі мен әлеуметтік жағдайын да ескеруіміз керек, — дейді Итемгенов.
Мердігер жұмысына бақылау бар
Қазір «ГБР Арыстан» ЖШС тарапынан атқарылып жатқан жұмысқа қатысты тұрғындар мен бөлім тарапынан шағым жоқ. Арнайы бақылау тобы күн сайын фотофиксация жасап, тазалау жұмыстарының сапасын қадағалайды. Жұмыстардың барлығы есепке алынып, құжатпен рәсімделеді.
Компанияның бас маманы Шыңғыс Исахметовтің айтуынша, қазіргі уақытта Рудный қаласында КГМ шығару жұмыстарына бір тиегіш техника, екі самосвал және алты жұмысшы жұмылдырылған.
— Біз өз міндетімізді орындап жатырмыз. Егер қалдықтар шығарылмай қалған жағдайда немесе басқа да мәселелер туындаса, тұрғындар «Айкөмек» 109 желісіне немесе тікелей бізге 8-776-127-11-11 нөміріне хабарласа алады. Біз әр өтінішке жедел әрекет етуге дайынбыз, — деді Шыңғыс Исахметов.
Тұрғындар қала тазалығы үшін жауапкершілікті сезініп, бекітілген кестеге сай әрекет етуі тиіс. Қаланың көркеюі, қоқыссыз әрі жайлы болуы – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір рудныйлықтың ортақ міндеті.
Гүлім МҰРАТ,
суреттерді түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ