Қандастарды қолдау басты назарда

Рудныйда этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға және репатрианттарды қоғамға интеграциялауға бағытталған іс-шаралар белсенді түрде өтуде. Соның бірі Рудный жастар ресурстық орталығында мемлекеттік мекемелердің өкілдерінің қатысуымен өткен кездесу.

Жиын барысында азаматтарға, оның ішінде тарихи отанына оралған отандастарға бейімделу, әлеуметтік интеграция және мемлекеттік мекемелермен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін талқылауға мүмкіндік берілді.

Кездесуге тек мемлекеттік мекемелердің өкілдері ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары да қатысты. Олар өз құқықтары мен мүмкіндіктеріне қатысты әлеуметтік және құқықтық аспектілер бойынша ақпарат алу үшін жиналды. Іс-шараның басты мақсаты – қажетті консультациялық көмек көрсету, құжаттарды рәсімдеуге, әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуге және басқа да маңызды мәселелерге қатысты түсініктемелер беру.

«Мұндай кездесулер бізде тоқсан сайын өткізіледі. Әрбір іс-шараның өткізілуі туралы біз алдын ала ақпарат жариялап, топтарға арнайы хабарламалар жібереміз. Бұл қадам өте маңызды, өйткені адам елден елге көшкен кезде көптеген қиындықтарға тап болуы мүмкін. Әсіресе, біздегі басты қатысушылар — Өзбекстаннан келген отандастарымыз. Олар жаңа елге келіп, күнделікті өмірде, тұрмыстық мәселелерде және заңнамалық өзгерістерде қиындықтарға ұшырайды. Қазақстан мен Өзбекстанның заңнамалары бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді, сондықтан жаңа ортаға бейімделу үшін бұл ақпарат өте қажет. Жаңа елге келген қандастарымызға мемлекеттік қолдау мен құқықтық жеңілдіктер туралы түсінік беру аса маңызды. Бұл жеңілдіктердің қатарында әлеуметтік көмек, медициналық қызметтер, жұмысқа орналасу шарттары және басқа да мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат бар. Адамдар өз құқықтары мен мүмкіндіктерін білмей, көп жағдайда оларды қолдануға мүмкіндік алмай қалады. Сондықтан, осындай кездесулер барысында біз мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу жолдарын, құжаттарды рәсімдеу тәртібін және Қазақстанда тұруға қажетті басқа да маңызды аспектілерді түсіндіреміз», – деп атап өтті «Қандастарды қоғамға әлеуметтік интеграциялауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру» жобасының консультанты Ирина Федорчук.

Түрлі мемлекеттік мекемелердің мамандары өз қызметтері мен ұсынылатын мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беріп, азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуге қатысушылар мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде әлеуметтік көмек, тұрғын үй, зейнетақы және жәрдемақы сияқты маңызды мәселелер туралы біліп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Сондай-ақ жұмысқа орналасу, білім алу, медициналық қызмет көрсету сияқты тұрмыстық жағдайларға қатысты мәселелер де талқыланды.

«Жобаның іске асыру қандастарды қоғамға әлеуметтік интеграциялауға бағытталған. Өйткені, тарихи отанына оралған адамдар туған еліне келгенмен, жаңа әлеуметтік және құқықтық ортаға бейімделуі керек. Бұл процесс барысында олар түрлі қиындықтарға, соның ішінде заңнамалық түсініспеушіліктерге, алаяқтық схемаларға ұшырап жатады. Сондықтан, қандастарымызға қазіргі заңнамаға сәйкес көрсетілетін қолдау шаралары мен құқықтық көмек туралы толық түсінік беру аса маңызды. Олар көбінесе мемлекет ұсынатын әлеуметтік қолдау мен қызметтердің шарттары туралы ақпараттың тапшылығынан немесе дұрыс түсінбеушіліктен зардап шегеді, – деді Ирина Федорчук. – Құқықтық консультациялар кез келген адам үшін өмірлік қажеттілік болып табылады. Осы мақсатта біздің іс-шараларымыз қандастарымыздың құқықтық сауаттылығын арттыруға ғана емес, сонымен қатар этносаралық, ұлтаралық және конфессияаралық байланыстарды нығайтуға да бағытталған».

Тарихи отанына оралған отандастарды біріктіру мәселесі талқылаудың басты тақырыптарының біріне айналды. Әңгіме барысында қатысушылар өз әсерлерімен, жаңа әлеуметтік ортаға бейімделу кезінде кездескен қиындықтарымен бөлісті. Мемлекеттік мекемелердің өкілдері бұл мәселелерді шешу үшін қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Олар отандастарымызға қажетті құқықтық, әлеуметтік және ақпараттық көмек көрсету үшін барлық ресурстарын жұмылдыратынын атап өтті. Сонымен қатар, бейімделу үдерісінде кездесетін қиындықтарды жеңу үшін бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығы туралы да сөз қозғалды.

Келесі кезекті жиын этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, сондай-ақ қандастарды қоғамға интеграциялау мақсатында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаның аясында ұйымдастырылған «өткен «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» қалалық сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты. Байқау «Бақыт біздің бойымызда» қоғамдық қорының бастамасымен «Орбита» мәдениет орталығында өткізілді.

Байқауға 148-ден астам қатысушы қатысты, олардың арасында Рудный қаласының мектеп оқушылары болды. Балалардың ұсынған жұмыстарында мәдени үйлесімділіктің әртүрлі аспектілері көрсетілді, олар Қазақстан азаматтарының бірлігін бейнеледі.

8 бен 10 жас аралығындағы балалар өздерінің жарқын әрі креативті жұмыстарын ұсынды, олар елге деген сүйіспеншілікті, бірлікті және түрлі мәдениеттерге деген құрметті білдірді. Бұл әсіресе жаңа қоғамға бейімделіп жатқан кандастар үшін маңызды болды, өйткені олар өздерінің мәдени түптамырларын ұмытпай, Қазақстанның мәдени байлығына үлес қосуда. Байқау барлық балаларға, олардың шығу тегіне қарамастан, ортақ мәдени және әлеуметтік ортаға деген сезімдерін нығайтып, шығармашылық әлеуеттерін көрсетуге мүмкіндік берді.

«Мен Қазақстанның тауларын, киіз үйлерін, туын және біздің елде тұратын үш ұлтты бейнелейтін адамдарды суреттедім. Жұмыс барысында маған анам көмектесті, қандай бөліктерді қосуға және суретімді неғұрлым жарқын әрі көрнекі ету үшін қандай нәрселерді салу керектігін айтып отырды. Мен «Шеберлік» номинациясында жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл байқау мен үшін өте маңызды болды, өйткені мен Қазақстанға деген сүйіспеншілігімді білдіріп, түрлі халықтармен тату-тәтті өмір сүрудің маңыздылығын көрсете алдым», – деді 3-сынып оқушысы Екатерина Машковцева.

Қатаң іріктеуден кейін қазылар алқасы 38 үздік суретті таңдап, авторлар марапаттау салтанатына шақырылды. Тақырыпқа сәйкес ерекше шығармашылықпен көзге түскен сегіз қатысушы әртүрлі номинациялар бойынша дипломдар мен сыйлықтар алды. Ал басқа үздік жұмыстарға қатысқан барлық басқа балалар естелік сыйлықтармен марапатталды.

Марапаттау рәсімінен бөлек, қатысушылар мен олардың ата-аналары концерттік бағдарламаға куә болып, көңілді ойындар мен сайыстарға қатысып, іс-шара нағыз мерекеге айналды.

Көпбалалы ана Даметкен Беркимбаева, қызы Милана екінші рет «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» сурет байқауына қатысып, «Шығармашылық тәсіл» номинациясын жеңіп алғанын айтты. Анасы байқауға дайындық және балаларға патриотизмді тәрбиелеудегі мұндай шаралардың маңызы туралы ойларымен бөлісті.

«Біз бұл байқауға өткен жылы да қатыстық, бірақ қызым жүлдеге іліккен жоқ. Биылғы жылы ол байқауға әлдеқайда сенімді түрде дайындалды. Мен оған кеңестер бердім, қандай бөлшектерді қосу керектігін, суреттің қалай әсерлі болатынын талқыладық, – деп атап өтті анасы. – Мұндай байқаулар балалар үшін өте маңызды. Біріншіден, бұл шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді, екіншіден, балаларға еліміздің бір бөлігі екендерін сезінуге және оның мәдени әртүрлілігін құрметтеуге үйретеді».

Байқау Рудный қаласы әкімдігінің «Рудный қалалық ішкі саясат бөлімі» тапсырысы аясында «Қандастарды қоғамға әлеуметтік интеграциялау мақсатындағы іс-шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Мұндай бастамалардың репатрианттардың әлеуметтік бейімделуіне ғана емес, сондай-ақ әртүрлі этникалық топтар арасындағы этносаралық келісімді және өзара түсіністікті нығайтуға да ықпал ететіні күтілуде.

Байқаудың ұйымдастырушылары мұндай шаралардың балаларда халықтардың мәдени көптүрлілігіне деген құрмет сезімін қалыптастыруда және әлеуметтік үйлесімділікті нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Мұндай шығармашылық байқаулар арқылы біз тек патриотизм мен елдің мәдени мұрасына деген құрметті ғана дамытып қоймай, сонымен бірге түрлі этникалық топтар өкілдерінің қоғамымызға жақсы интеграциялануына да көмектесе аламыз. Біз бұл байқаудың балаларға өз қабілеттерін көрсетуге ғана емес, қаламыздағы этносаралық келісімді нығайтуға да үлкен үлес қосқанына мақтанамыз», – деп атап өтті «Бақыт біздің бойымызда» қоғамдық қорының төрайымы Ирина Неживых.

 

Айлана ЕРХАНОВА,

суретті түсірген Султан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *