Қандастарға кеңес берілді

 «Аманат» партиясының мәжіліс залында мемлекеттік мекеме өкілдерінің қатысуымен құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған қандастармен кездесу өтті. Жиын барысында елге келген қандастар тап болатын мәселелері талқыланып, оларды шешу жолдары айтылды.

Кездесуде құзырлы органдар  мектепке дейінгі және мектептер туралы, мемлекеттік бағдарламалар, қандастарға берілетін әлеуметтік төлемдер, Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы, одан шығу туралы процедурасы туралы баяндады. Рудный қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Жаулыбаева Райхан мемлекеттік бағдарламалар, қандастарға  әлеуметтік төлемдер туралы  айтып берген болатын. Рудный қалалық ішкі істер департаментінің жедел уәкілі, аға лейтенант  Сайфулла Джарменов қазіргі уақытта белең алып бара жатқан алаяқтардың арбау схемасы жайлы ескертті. Ол қылмыскерлердің айла-амалына түсіп қалмау үшін кез келген ақшалай операцияларды жасағанда қырағы болып, картаның деректемелерін ешқашан ешкімге жария етпеуді айтады. Егер алаяқтарға тап болған жағдайда 102 нөмері, не болмаса 3-30-20 байланыс нөмеріне бірден хабарласу қажет.

Жиында медицина саласы бойынша мемлекеттік қызмет беру туралы Рудный қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Жандос Рахметов баяндады. Қазіргі таңда емхана дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрі-дәрмекпен, мамандандырылған медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету, дәрігерді үйге шақыру, еңбекке жарамсыздық парақтары мен анықтамалар беру секілді қызметтерді көрсетеді.

Тілдерді оқыту орталығының басшысы Гулнар Талапова орталықтың қаланың ересек тұрғындарына көрсететін қызметтері туралы баяндады. Ол қандастарға қыркүйек айынан бастап тегін жүргізілетін орыс тілі, қазақ тілі, ағылшын тілі курстары жайлы хабардар етті. Қазіргі сәтте тілдерді оқыту орталығына барып, курсқа қатысуға өтініш беруге болады.

Кездесуге қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, сұрақтар қойып, кеңес алды. Жиынға ішкі саясат бөлімінің жанындағы ақсақалдар кеңесінің өкілдері Жаңбыршы Тілеуғабылов пен Сүндет Молдашев қатысты. Сүндет Молдашевтің Өзбекстан елінен оралғанына 10 жылдай уақыт болды. Ол қандастарға кенді қалаға қалай бейімделіп, жолында кездескен мәселелерді қалай шешкені жайлы естеліктермен бөлісті. Ол қоғамдық іс шараларға белсене атсалысатыны туралы айта келе, тәуелсіздіктің негізі — бейбітішілік пен келісімнің қадірін еске салды.

Сөз соңында «Бақыт біздің бойымызда» ҚҚ өкілі Ирина Неживых қандастарға жоба шеңберінде өткізілген іс-шаралар жөнінде мол мағлұматпен бөлісті. Атап айтқанда, Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мектепте, колледже оқитын білім алушы қандастардың арасында зияткерлік турнир, ашық алаң, дөңгелек үстел өткізілген. Өткен жылы отбасы күніне орай «Бақытты отбасы Қазақстанның рухани жаңғыруының негізі» атты отбасылық фестиваль ұйымдастырды. Сондай-ақ ол алдағы уақытта ұйымдастырылатын шараларға да тоқталды.

Айта кету керек, кездесуде қандастардың көп пайызы қатысқан жоқ. Сырттан келетін ағайын үшін біршама қиындықтың бары рас. Қандастардың назарына! Егер қандай да бір кеңес қажет болса, 87059897330 телефоны сіздерге көмек көрсетуге әзір.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *