Рудный қаласында «AMANAT» партиясының қалалық филиалында «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының екінші кезеңі басталды. Бұл жоба өткен жылы да хабарланған болатын. Жобаның негізгі мақсаты — халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша қиын жағдайға тап болған азаматтарға кәсіби көмек көрсету.
Рүстем Шәріп, «Қарызсыз қоғам» жобасының бизнес-тренері, жоба туралы былай дейді: «2025 жылға қарай бағдарламамыздың форматы өзгерді. Өткен жылы біз облыс көлемінде үлкен оқыту жұмыстарын жүргізген болсақ, биыл біз қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталғанбыз. Қазір 90+ санатындағы азаматтармен жұмыс істейміз, яғни 90 күннен астам уақыт бойы қарыздарын төлей алмай жүргендермен. Мұндай жағдайлардың себептері әртүрлі: төмен жалақы, жұмыссыздық, қаржылық сауаттылықтың болмауы. Біздің міндетіміз — осы адамдарға қолдау көрсету және оларды қиындықтардан шығару», — деп атап өтті Рүстем Шәріп.
Жобаның ауқымы жыл сайын кеңеюде. Биыл Рудный қаласында қаржылық сауаттылықты оқыту жұмыстары 28 шілдеге дейін жалғасады. Жалпы, 1000-нан астам адамды қамту жоспарлануда.
«Өткен жылы өткізілген ауқымды жұмыстарды цифрлар көрсетеді: сол жылы облыс бойынша 10 мыңнан астам адам оқытылды, Рудный қаласында 1500 адам қаржылық сауаттылық туралы білім алды. Барлық тыңдаушылар сертификаттар алып, қаржылық сауаттылық негіздерімен танысты. Биыл біз тағы да үлкен мақсаттар қойдық. Бағдарламаны одан әрі бейімдеуді жалғастырып, ол ең көп көмек қажет ететіндер үшін тиімді болатындай етіп өзгертіп жатырмыз», — деді Рүстем Шәріп.
Бұл жылы оқыту форматы икемді болмақ. Қатысушылар 3 күн офлайн және 2 күн онлайн сабақтарға қатысады.
«Өткен жылы оқыту толығымен офлайн форматында 5 күн бойы өткізілді, ал биыл біз кестені икемді етіп жасадық. Енді бағдарлама 3 күн офлайн оқыту және 2 күн онлайн сабақтардан тұрады. Онлайн-сабақтар қатысушыларға жеке қаржылық мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді, әсіресе олар топ ішінде өз мәселелерін ашық айтуға ұялатын болса. Zoom, WhatsApp және басқа байланыс құралдары арқылы біз әр жағдайды жеке талқылаймыз», — деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, қарыздарды реттеу бойынша консультациялар, арестті алып тастау және қарызды қайта құрылымдау бойынша да мамандар көмек көрсетеді.
«Біз әрбір қарызды жеке талқылаймыз және қарыз берушілермен келіссөздер жүргіземіз. Бұл процесс реструктуризация деп аталады, яғни келісім шарттардың шарттарын өзгерту. Біз кредиторлармен төлем мерзімдерін, пайыздық ставкаларды және басқа да шарттарды қайта қарауды талқылаймыз. Бұл процессте клиенттің қаржылық қиындықтарын түсіндіру үшін барлық қажетті құжаттарды ұсынамыз», — деп түсіндірді Рүстем Шәріп.
Сонымен қатар, банкроттық туралы заңды қолдану қажеттілігі туындағанда, жобаның қатысушыларына осы бағытта да көмек көрсетілмек.
«Біз барлық процестерді толық аяқтауды басты қағида ретінде ұстанамыз», – деп қорытындылады Рүстем Шәріп.
Егер сізде қаржылық қиындықтар болса, Рудный қаласындағы «AMANAT» партиясының филиалына (Космонавтов, 12) хабарласыңыз. Телефондар: 4-83-44, +7-777-388-24-24.
Гүлім МҰРАТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ