Қасиетті Рамазан айы басталды

«Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді».

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі — Рамазан айы. Мұсылман қауым отыз күн бойы жаман әдеттен тыйылып, ізгі ниетпен мейлінше мол сауап жинауға тырысады. Мұсылман қауым үшін қасиетті ай 11 наурызда басталып, 9 сәуір – соңғы күні болып бекітілді. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – ораза айт мерекесі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп. Оны ең бірінші, қажет болған жағдайда бауырларына, туысқанына, көршілеріне беру керек. Одан кейін барып өзге де мұқтаж жандарға беруге болады. Сонымен қатар, адам өзінің ата-анасына, әйеліне, баласына пітір садақа бермейді. Себебі ата-анасын, әйелін, бала-шағасын асырау, бағу – міндет. Пітір садақаны Рамазан айының алғашқы күнінен бастап, айт намазына дейін берілу тиіс. Сонда ол пітір садақа болып есептеледі. Ал егер айт намазынан кейін беретін болса, ол жәй садақа болып саналады екен.

Рамазан айы – күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті де, әрі берекелі ай. 30 күнде адамзат баласын тура жолға, білімділік пен бейбітшілікке үндеген Қасиетті Құранның алғашқы аяттары түскен. Бұл қасиетті айды күллі мұсылман жұртшылығы сағынып, ерекше қадірлеп, асыға күтіп алады.  Алла Тағаланың әміріне бас иіп, ораза ұстап, мұқтаждарға жәрдемдесіп, тағат-құлшылықтар жасап, жан дүниесі рухани демалады.

«Кез-келген мұсылман Рамазан айында аузын бекітуге бел буса, алдымен өз ниетін дұрыстауы тиіс. Өйткені, естіп жатамыз кейбір кісілер салмақ тастау үшін немесе өзін сыңау үшін ұстап жатады. Бірақ ораза еске сала кетейін-діни құлшылық және оны «Алланың алдындағы парызымыз» деп қабылдауымыз керек. Жылдағы әдетіміз бойынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға көпбалалы және мұқтаж отбасыларына шамамызға сай қаржылай және азық-түлікпен демеу көрсетіп, қайырымдылық акциялар жүзеге асады. Рудный қаласының тұрғындарының арасында ауызашар өткізіп, сауапқа кеңелемін дегендер бізге тікелей хабарласуға болады», – деді Рудный қаласының «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин өз сөзінде.

Оразаны не бұзады?

– Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;

– Темекі шегу, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;

– Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту; Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес».

– Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады;

– Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. (Каффарат деп – рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады).

Оразаны кімдерге ұстамауға рұқсат?

– Жолаушылық; (сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды).

– Жүктілік пен бала емізу; (егер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады).

– Ауру-сырқау және кәрілік;

Сондай-ақ, Рамазан айы барынша пайдасы мол болуы үшін, күн тәртібі мен ас мәзіріне үлкен мән берген жөн. Ораза – тән мен рухтың пайдасы, алайда адам өзі тырыспаса, оңды нәтижеге қол жеткізе алмайды. Өзі-өзіне деген бейғамдық денсаулыққа айтарлықтай зиянын әкелуі мүмкін, сондықтан, сәресі мен ауызашар уақытында тұтынатын тағамдарға көңіл бөлген дұрыс. Әсіресе, оразаның алғашқы күндері ағзамыз жаңа тәртіпке үйренісуі үшін, оған демеу қажет. Денсаулық – аманат екенін естен шығармаған жөн.

Сәресі уақытында жеңіл тамақтарды: түрлі ботқалар, сүтті тағамдар, жаңғақтар, көкініс пен жеміс-жидектерді жеген пайдалы. Ол тағамдар күні бойы ұзақ энергияны қамтамасыз етуі тиіс. Ауыз бекіту сағаттарының ұзақ болуын ескере отырып, баяу қорытылып, сіңімділігі жоғары азық-түлік өнімдерін пайдалануға кеңес береміз. Сәресіге де, ауыз ашу кезінде де құрманың дастарқанда міндетті болуы маңызды.  Бұл ағзадағы қант және тұз деңгейін қалпына келтіруге көмектеседі.

«Ораза кезінде сұйықтықты молырақ ішкен дұрыс. Ауызашар кезінде майлы, қуырылған тағамдарды азайтқанымыз дұрыс. Айта кетері ауызашар уақытында суды да көп ішуге болмайды, екі кесе жеткілікті. Ораза адам денсаулығының жақсаруына сөзсіз ықпал етеді, алайда дұрыс тамақтану ережелерін ұстанбаса, зиян келуі әбден мүмкін. Ораза ол тек ғана тамақтан, сусыннан тыйылу емес, адамды тәрбиелеу жолы болып есептеледі. Пайғамбарымыз: «Кімде-кім жаман сөз сөйлеуін тоқтатпаса, және жаман ісін тоқтатпаса, Алла Тағалаға оның тамақтан, сусыннан тыйылғаны қажет емес» дейді. Яғни, адам сөзден, істен, көзден тыйылу қажет»,-дейді «Нұр» мешітінің бас имамы өз сөзін қортындылап.

Рудный тұрғындары күнделікті ауызашар мен сәресі бітетін уақытты www.muftiyat.kz сайтында анықтауға болады. Немесе арнайы мешітке келіп біле алады. Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бірі.  Ендеше, барша мұсылман бауырлар, ұстаған оразаларыңыз бен жасаған әрбір жақсы амалдарыңыз қабыл болғай. Әумин!

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *