1 шілдеде қатерлі ісікке қарсы қазақстандық препаратты сынақтан өткізудің екінші кезеңі басталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.
«Адамдарға жасалған клиникалық сынақтардың бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Алматыдағы радиология институтында 15 онкологиялық науқас емделді, нәтижелеріне үлкен үміт артып отырмыз. Бұл мәселені Премьер-Министр жеке бақылауына алды. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп арнайы жұмыс тобын құрдық, осы орайда министрлікке алғыс айтамын», — деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ министр 1 шілдеде препаратты тестілеудің екінші кезеңі басталғанын айтты. Сынақтан өтуге 5 мыңнан астам онкологиялық науқастар жазылған.
«Өз еріктерімен жазылған науқастар сынақтың екінші кезеңіне қатысады. Оған жоғары ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен шамамен 2 млрд теңге қарастырылған. Жылдың соңына дейін препаратты сынақтан өткізудің екінші кезеңі аяқталады, ал келесі жылы оны тіркеуге шығарамыз деп үміттенеміз», — дейді ол.
Ведомство басшысының айтуынша, қатерлі ісікке қарсы дәріні тестілеу Астана, Алматы және Павлодар қаласында өтіп жатыр.
Еске сала кетейік, биыл қаңтарда қазақстандық биотехнолог Дос Сарбасов қатерлі ісікке қарсы препарат жасап шығарғаны туралы хабарлаған едік. Инновациялық дәріні алдымен қояндар мен тышқандарға сынаған, сосын онкология университетінде 15 адам сынақтың бірінші кезеңінен өткен.