Рудныйда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін 23 адам жауапқа тартылды
Көктем келісімен Рудный қаласында өрт қаупі күрт артып отыр. Құрғақ шөп, қоқыс, қамыс – бәрі бір ұшқыннан лап ете қалуға дайын. Қаладағы Төтенше жағдайлар басқармасы өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып, арнайы рейдтер ұйымдастыруда.
2024 ЖЫЛЫ 239 ӨРТ ТІРКЕЛГЕН
Статистика көңіл көншітпейді. 2024 жылы Рудныйда 239 рет құрғақ шөп пен қоқыс өртенген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 120-ға аз болғанымен, қауіп әлі де жоғары деңгейде. Өйткені табиғаттағы өрт тез тарайды, ал оның зардабы үлкен болуы мүмкін.
Рудный қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысының орынбасары Нұрлан Бөрібаевтың айтуынша, 2025 жылдың тек наурыз-сәуір аралығында қалада 70-ке жуық өрт сөндіру оқиғасы тіркелген. Өрттер көбіне бау-бақша серіктестіктерінде, ашық далада, өзен жағасында орын алуда. Қала маңында орман жоқ болғанымен, 13 бау-бақша серіктестігі бар, олардың екеуі Қашар елді мекенінде орналасқан. Бұл учаскелер өрт қаупі жоғары аймақтар қатарына жатады.
ҰШҚЫШСЫЗ АППАРАТТАР КӨМЕККЕ КЕЛДІ
ТЖ басқармасының айтуынша, қазіргі таңда 4 мобильді топ күн сайын рейдке шығып, тәртіп бұзушыларды анықтауда. Рейдтерде дрондар мен дауысзорайтқыштар пайдаланылады. Ұшқышсыз аппараттар биіктен бейнебақылау жүргізіп, от тұтанған жерлерді тез анықтауға көмектесуде. Сонымен қатар, дрондар арқылы жасырын түрде тәртіп бұзғандарды суретке түсіруге де болады.
Нәтижесінде, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 23 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған жалпы айыппұл көлемі – 196 600 теңге.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Егер азамат от жағып, шөп не қоқыс өртенсе, оған екі бірдей заң бабы бойынша жаза қолданылуы мүмкін:
- 410-бап – Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу: ескерту немесе 5 АЕК (шамамен 19 660 тг) айыппұл;
- 336-бап – Атмосфералық ауаны ластаумен және қоқысты дұрыс өрттемеумен байланысты: 20 АЕК (78 640 тг) айыппұл.
Ал егер тәртіп бұзушы лауазымды тұлға немесе кәсіпкер болса, жаза одан да қатаң. 2025 жылдың 18 наурызынан бастап заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, орта және ірі кәсіпкерлерге тек айыппұл салынады – 50 АЕК (196 600 тг) көлемінде.
ТОБЫЛ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ӨРТ
5 сәуір күні Рудныйда Тобыл өзенінің бойында, мәдениет және демалыс саябағының маңында қамыс өртенді. Ауа райы жылы әрі желді болғандықтан, от 800 шаршы метр аумаққа жайылды. Қуанышқа орай, өрт уақытылы сөндіріліп, адам шығыны мен материалдық шығын болған жоқ. Саябақтағы аттракциондарға да зиян келмеді.
ӨҢІР БОЙЫНША ДА ЖАҒДАЙ КҮРДЕЛІ
Қостанай облысы бойынша соңғы төрт жылда ТЖ қызметтері 18 796 рет өрт сөндіруге шыққан. Соның ішінде 3058 шақырту Рудный қаласына тиесілі – бұл облыс бойынша көрсеткіштің бестен бірі.
2024 жылдың өзінде Рудныйда 630 өрт сөндіру оқиғасы тіркелді. Бұл өте үлкен жүктеме. Облыстық ТЖД басшысының орынбасары Өміржан Тұқышевтің айтуынша, тек 21 наурыз бен 7 сәуір аралығында облыста 100-ден астам өрт жағдайы орын алған. Себеп – өткен жылдан қалған қураған шөп пен қамыс көп, ал көктемгі желдер оттың таралуын тездетеді.
Қазіргі таңда тек Қостанай мен Лисаков қалаларында ғана қамыс пен шөп шабу жұмыстары басталған. Бұл – алдын алу шараларының бірі.
ҚАТАҢ ЕСКЕРТУ
Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері Қостанай облысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін 252 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Басқарма өкілдері тұрғындарға тағы бір мәрте ескерту жасайды: себепсіз от жақпау керек! Далада, бау-бақшада, тіпті үй ауласында да қоқыс немесе шөп өртемеу – әр азаматтың міндеті. Өрттің зардабы тек табиғатқа емес, адамдарға да тиеді.
Естеріңізге саламыз, жер меншігіне қарамастан, кез келген жерде шөпті өртегені үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Тәртіпті бұзбайық, қауіпсіздікті бірге сақтайық!
Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,
суретті түсірген автор