ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілдері ERG құрамындағы «Қашар кені» АҚ Қашар жылу орталығына дәстүрлі баспасөз турын өткізді. Жөндеу жұмыстарының барысымен танысу және жалғасып жатқан жаңарту туралы алынған ақпарат жылу көздерінің сенімді және үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Жылу орталығының бастығы Александр Петрушков жылу орталығын қайта құрылымдау қамында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары мен іс-шаралар туралы айтып берді. Бұл міндеттерді шешуге жыл сайын қомақты қаражат жұмсалады. 2023 жылы инвестициялық салымдар сомасы 97,1 млн теңге, ағымдағы жылы инвестициялар сомасы — 65,1 млн теңге межесінде.
– 2023-2024 жылыту маусымы экологиялық таза отын – газбен өтті. Ол үшін жылу орталығын қайта құрылымдау бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Қашар кентінің газ тарату пунктінен Қашар жылу орталығына дейін жерасты газ құбыры салынды. Газ реттеу пункті орнатылды. Көмір қазандықтары газ қазандықтарына ауыстырылды: жазғы кезеңде ыстық сумен қамтамасыз ету үшін өнімділігі 10 Гкал/сағ бір қазандық және негізгі жылыту жүктемесін көтеру үшін өнімділігі 50 Гкал/сағ екінші қазандық, — деп тарқатып айтты жылу орталығының бастығы Александр Петрушков. – Қайта құрылымдау жұмыстары жалғасуда. Өнімділігі сағатына 50 Гкал үшінші резервтік газ қазандығын орнату басталды. Қазандық жабдығының шығатын газдарын бұру үшін жаңа құбырлардың құрылысы жүргізілуде.
Баспасөз туры бағдарламасына бірден екі нысан кірді – ЖВН-12н 2.88м3/сағ 22квт сорғы және №1 КВ-Г-58,2-110Н қазандық. Жабдықтың тиімділігін арттыру мақсатында өткен жылы жалпы сомасы 16,2 млн теңгеге ЖВН-12н вакуумдық сорғы орнатылған және жалпы сомасы 80,9 млн теңгеге өнімділігі 50 Гкал/сағ қазандық орнатылды. Жұмыстар толық көлемде орындалды.
Қашар жылу орталығын қайта құрылымдау қамында жүргізіліп жатқан барлық іс – шаралар экологиялық таза болашаққа көшудің маңызды қадамдары болып табылады. 2024 жылдың соңына қарай экожоба толығымен аяқталады.