Қостанайда ауруханадағы бала өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

2024 жылдың шілдесінде Қостанай облыстық балалар ауруханасында ойыншық магнит тастарды жұтып қойған үш жасар бала көз жұмды. Дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Еске салайық, 2024 жылы 7 шілдеде Қостанай облыстық балалар ауруханасына Рудныйдан «денедегі бөтен зат» диагнозымен үш жасар бала келіп түсті.

Рентгенограммада бір-біріне жабысқан 10 дөңгелек магнит көрінді. Олардың бірнешеуін дәрігерлер өз бетімен ала алды, қалғандарын хирургиялық жолмен алу туралы шешім қабылданды, бірақ 10 шілдеде бала ота кезінде жан тапсырды.

«Қостанай қалалық полициясының солтүстік бөлімінде 10 магнит тасты жұтып қойған кішкентай Сашаның өлімі фактісі бойынша дәрігерлерге қатысты қылмыстық істің тіркелуіне қол жеткіздік. Енді сот-медициналық сараптама және фармацевтикалық бақылау комитетінің қорытындысы негізінде тиісті медициналық көмек көрсетпеген дәрігерлерге қатысты тергеу жүргізілетін болады», – деп жазды отбасының адвокаты Дамир Хамитов Facebook-те.

Іс ҚР ҚК-нің 317-бабының 3-бөлігі, «Абайсызда адам өліміне әкеліп соққан медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша СДТБТ-да тіркелді.

Бұған дейін адвокат баланың өлімі фактісі бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің мамандары жүргізген тексеру қорытындысын жариялаған. Онда балаға диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларын бұза отырып, емдеу шаралары дұрыс жасалмағаны көрсетілген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *