«Қостанай жастары»: жастар үшін жаңа мүмкіндіктер

Облыс тұрғындарын арналған «Қостанай жастары» бағдарламасы жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Бұл облыс әкімдігінің және «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының көмегімен 34 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін жоба.

Биылғы жылы «Қостанай жастары» бағдарламасының арқасында Рудныйда 19 отбасы баспана сатып алуға мүмкіндік алды. Бұл отбасылардың арасында ССКӨБ қызметкерлері де, мемлекеттік қызметкерлер де бар. Бағдарлама бастапқы және қайталама нарықта тұрғын үй сатып алу үшін кредиттік мүмкіндіктер бере отырып, тұрғын үй жинақтау қағидаты бойынша әрекет етеді. Алайда, бағдарламаға қатысу белгілі бір критерийлерге сәйкес келуді талап етеді, мысалы, кем дегенде алты ай жұмыс өтілі, қала немесе аудан аумағында тұрақты тұру және соңғы бес жылда барлық отбасы мүшелерінде жылжымайтын мүліктің болмауы. Сонымен қатар, отбасының жиынтық жалпы табысы 150 АЕК-тен (517500 теңге) аспауға тиіс.

Жоба бойынша пәтер алғандардың бірі Кәдірбаевтар отбасы. Отбасы иесі Манас Жеңісұлы жоба жайында БАҚ өкілдерінің әлеуметтік желілерін білдім дейді. Жұбайы Гүлім екеуінің отасқандарына 3 жыл уақыт болыпты. Олар жеке пәтер алуға мүмкіндік берген «Қостанай жастары» бағдарламасының ұйымдастырушыларына өз алғыстарын білдірді.

 «Негізінен пәтер алуды жоспарлап жүргенбіз. Үйде кішкентай көз қуанышымыз ұлымыз үшеуіміз тұрамыз. Құжаттарды даярлау барысында қиындықтар туындамады. «Отбасы банк» және жергілікті басқару органдары қызметкерлерінің көмегі болды. Қазіргі таңда Комсомольсикий 36 мекенжайы бойынша 3 пәтерлі үйімізге құрылыс жұмыстарын жүргізудеміз. Басқа да жас отбасылар пәтерлерінің кілттерін алып жатқанын естідік. Бағдарлама Рудный жастарына тұрғын үй мәселелерін шешуде айтарлықтай қолдау көрсетті деп айта аламыз»,-деді Манас Кәдірбаев.

«Отбасы банк» АҚ қалалық филиалының қызметкері Медет Әубәкіров «Қостанай жастары» бағдарламасы жастардың тұрғын үй мәселелерін шешуге баса назар аударатынын және бұл мәселеде мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын көрсететінін атап өтті. Жастар тарапынан «Қостанай жастары» бағдарламасына деген үлкен қызығушылықты ескере отырып, облыс билігі оны алдағы жылы да іске асыруды жалғастыруға ниетті. Бұл жас азаматтарына өздерінің тұрғын үй жоспарларын іске асыруға және облыстың дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.

Жәнібек ҚАЛАБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *