«Tugan Qala» бағдарламасының кезекті маусымының дауыс беру кезеңі ашылды
«Tugan Qala» бағдарламасы Евразиялық топтың, сараптамалық кеңестің, әкімдік пен оның қатысушыларының қолдауымен өтеді. Жоба төртінші жыл қатарынан Рудный қаласының келбетін өзгертіп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауды жалғастыруда.
Өткен жылдары «Tugan Qala» жобасы аясында Рудныйда 32 нысан салынды. Қазіргі уақытта да жаңа нысандар бой көтеруде. Журналистер үшін ұйымдастырылған баспасөз туры барысында 2023 жылы жүзеге асырылған 12 жобаның жетеуі таныстырылды.
Ең көрнекті жобалардың бірі – 50 лет Октября көшесі, 102-үйдің ауласында орналасқан нысан. Мұнда бірден үш жаңа инфрақұрылым нысаны пайда болды: заманауи автотұрақ, қауіпсіз жабыны бар балалар алаңы және мини-футбол мен волейболға арналған әмбебап спорт алаңы.
Бұл жобаның авторы Нұрлан Дощанов ауланы кешенді абаттандырудың жарқын үлгісін көрсетті.
– Нұрлан ерекше капитан, өйткені ол өзін ғана емес, үй тұрғындарын да үш жобаны іске асыруға жұмылдыра алды, – деп атап өтті сараптамалық кеңестің төрағасы, «ERG» өкілі Александр Макаренко. – Идеяларды нақты жобаларға айналдырып, оларды жүзеге асыру – үлкен еңбек. Бұған дейін бір ауланың ішінде бірден үш түрлі жобаны біріктіріп, ең көп қолдау жинаған тәжірибе болған емес. Бұл – тұрғындардың белсенділігі мен үйлестіру жұмыстарының нәтижесі.
Келесі жылы ол көршілерінің өтініші бойынша воркаут аймағы мен тренажерлер орнатуды жоспарлап отыр. Алайда, ол барлық жетістікті өз атына жазбай, дауыс жинау жұмысына ғана көмектескенін атап өтті.
– Бұл жоба туралы Instagram желісінен білдім. Таныстарым айтып, ұсынды. Бірақ біз процедураны білмедік. Бастапқыда тек спорт алаңына өтінім бердім, бірақ кейін көршілер қолдап, «үшеуін де жасайық» деді. Нәтижесінде барлық үш жоба іске асырылды. Бұл іске Нина Болотова есімді жақсы адам көп көмектесті. Ол жобаларды толық дайындап шықты, мен тек үйлестіру жұмыстарын атқардым, – деп бөлісті Нұрлан Дощанов.
Келесі таныстырылған нысан – стандартты емес балалар алаңы. Оның аумағы 300 шаршы метрден асады.
– Бұл жобаға бірнеше рет қатыстым, – дейді Сандригайло көшесі, 60-үйдегі балалар алаңының авторы Ольга Мифтахутдинова. – Бұған дейін де футбол алаңы мен автотұрақ жасадық. Биыл үлкен балалар алаңын салғымыз келді. Мұнда бұрын ескі, кеңес дәуірінен қалған ойын алаңы болатын. Біз оны толық жаңарттық, кең аумақты балаларға арналған спорттық және ойын құрылғыларымен жабдықтадық.
Ольга жобаға қатысты аса уайымдамағанын, себебі алдыңғы жобаны қолдаған тұрғындардың бұл жолы да белсенді дауыс бергенін атап өтті. Оның жобасы 652 дауыс жинап, 8 миллион теңгеге жүзеге асырылды.
– Бізде өте белсенді команда болды. Жастар әлеуметтік желілерде, үйлердің чаттарында ақпарат таратты. Кейін дауыс беруге үлгермеген зейнеткерлердің пәтерлеріне барып, көмектестік, – дейді Ольга.
Тағы бір маңызды жоба – Автовокзал ауданы, 2-үй және оған жақын орналасқан үйлердің ауласындағы балалар алаңы.
– Биыл жаңа балалар алаңы пайда болды, – дейді осы үйдің тұрғыны Гүлнар Сүлейменова. – Біз оны ұзақ күттік. Дауыс беруді ести сала, бірден қолдадық. Бұрын мұнда ескі карусель мен сырғанақ қана болатын, балаларға ойнайтын жер жоқ еді. Енді олар үшін тамаша ойын алаңы бар. Бұл жобаның авторы – Анна Синицына. Жобаны жүзеге асыруға 12 миллион теңге бөлінді, 732 адам дауыс берді.
«Tugan Qala» жобасы жыл сайын қарқын алып, қатысушылар мен қаланы жақсартуға мүдделі тұрғындардың қатарын көбейтуде.
2025 жылы 15 қаңтардан 13 ақпанға дейін tugan-qala.kz/rudny сайтында тұрғындар 2024 жылы іріктелген жобаларға дауыс бере алады. Биыл 115 өтінімнің ішінен 26 жоба таңдалды: 3 мәдени іс-шаралық және 23 инфрақұрылымдық жоба.
– Қазіргі кезеңде авторлар өз идеяларын жобаларға айналдырды, – дейді «Tugan Qala» жобасының Рудныйдағы жетекшісі Юрий Калюжный. – Дауыс беру – өте маңызды кезең. Өйткені дәл қазір қай жобалар жүзеге асырылатыны анықталады. Былтыр 10 200 рудныйлық дауыс беруге қатысты. Бұл – дауыс бере алатын тұрғындардың 11%-ы. Жеңімпаз жобалар 800-ден астам дауыс жинады. Бәсекелестік өте жоғары, сондықтан үйлердің тұрғындары өз жобаларына белсенді түрде қолдау көрсетуі керек.
«Tugan Qala» аясында салынған барлық нысандар уақыт өте келе әкімдік балансына беріледі. Бұл олардың әрі қарай да жұмыс істейтініне және күтім жасалатынына кепілдік береді.
Айбар БЕРІК,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ