Құрбан айт – мейірімділік мерекесі

9-шілде – Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні. Бұл мерекеде құрбан шалынатындықтан «құрбан мерекесі» деп аталған

Құрбан сөзінің тілдік мағынасы: «Аллаға жақындау, Алланың разылығын табу» дегенді білдірсе, шариғаттағы терминдік мағынасы: – «Құлшылық ниетімен белгілі шарттары бар малды бауыздау» деген мағына береді.

Құран аяттарында: «Намазым, құлшылығым, тірлігім, ажалым күллі әлемнің Раббысы Алла үшін. Оның серігі жоқ. Мен жалғыз Аллаға құлшылық етуге бұйырылдым»-делінсе, ардақты Пайғамбармыз хадисінде:

«Құрбан айт күні адам баласының ізгі амалының Алла Тағалаға ең сүйіктісі құрбандық қойды сою»-деген.

Құрбан шалудың мәнісіне көз жүгіртсек, оның қоғамға әкелер пайдасы зор. Бай-дәулетті адамдар шалатын құрбан еттерінен кедейлерге таратып беру арқылы мұсылмандар арасында сүйіспеншілік пен бауырмашылық сезімдерді нығайтады. Дәулетті адамдармен қоса кедейлер де қуанышқа бөленеді.

Мерейлі мереке — ағайын-туыстың береке-бірлігін арттырып, қоғамның тыныштығы мен бейбітшілігіне оңды ықпал етіп, жеке тұлғаны көпшілікпен бірге болуға баулиды. Құрбандық арқылы келетін қуаныш қоғамның ынтымағы мен бірлігіне үлес қосады. Сондықтан, айт мерекесінің халықтық дәстүрге айналуының қоғамдық маңызы айырықша.

Құрбандық – Алланың разылығы көзделіп жасалатын құлшылық. Құранда Алла Тағала бұл жайында: «Шалынған малдардың еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Яғни Оның құзырына көтерілмейді. Бірақ, Аллаға сендердің тақуалықтарың, шынайы ықыластарың жетеді», – делінген. Міне, сондықтан құрбандық құлшылығын шын ықылас-ниетпен орындау қажет.

Негізінде «Құрбандық» айт намазы оқылып болғаннан кейін іске асады. Айт намазы Қостанай облысы бойынша таңғы сағат 07.30-да оқылады.

— Құрбан шалу кімдерге міндет?

Асыл дініміз адамзат баласына ауырлық қаламайды. Құрбандық шалу бұл жағдайы бар, яғни күнделікті тұтынатын қаражаты немесе мүліктерінен артық дүниесі бар, дәулетті адамдарға міндет.

— Құрбандыққа шалынатын мал қандай болуы керек?

Құрбандыққа 5 жасар түйе, 2 жасар ірі қара (сиыр), 1 жасар қой-ешкі малдары шалынады. Мал ақсақ-тоқсақ, арық, соқыр, құлағы жоқ болмауы керек. Разылыққа жету үшін дұрыс мал сойылуы тиіс.

— Құрбан қай уақытта шалынады?

Мал шалу құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға дейін жалғасады. (шілде айының 9-10-11 күндері)

— Құрбандық қалай шалынады?

Құрбан шалатын жерге малды ұрып-соқпай апарып, малды құбылаға қаратып сол жағымен жатқызады. Мал бауыздалмай тұрып дұға оқылады. Кейін «Бисмилләһи Аллаһу әкбар» деп бауыздайды. Малдың көзінше пышақ қайрауға және малдың жаны шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Құрбандық малының еті үшке бөлінеді: мұқтаж жандарға, ағайын-туысқа және өз отбасына. Дегенмен малдың етін толықтай мұқтаж отбасыларына таратылуы абзалырақ.

Рудный қаласында құрбан шалатын орынның мекен-жайы: ФЗО Промзона аймағы (убойный пункт)

— Құрбан айт күнін қалай қарсы алу керек?

Айт күні ерте тұрып, ғұсыл алып-шомылу, таза-әдемі киім киіп, хош иістеніп, айт намазына бару. Барынша жайдары жүзбен амандасып, мерекемен құттықтау, ренжіскен адамдармен татуласу, науқас жандардың көңілін сұрау, жетім-жесірге қол ұшын беріп, жақындарына, жора-жолдастарына сондай-ақ балаларға сый-сияпат жасаған жөн.

Қадірлі ағайын! Алла Тағала құрбан айтымызды хайырлы құтты қылып, шынайы ниеттеріңіз бен дұға-тілектеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды қабыл етсін! Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі тыныштығы мәңгілік болғай! Әмин!

БектұрсынқажыТОРҒАЙБАЙҰЛЫ

Рудный қалалық

«Нұр» мешітінің имамы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *