Рудный қаласының ТЖ басқармасы су тасқынына дайындық жөнінде ақпарат берді
Соңғы күндері ауа температурасы тұрақты түрде плюс көрсеткіштерде сақталуда, қардың еруі белсенді жүріп жатыр. Рудный қаласы еріген қар суының тасқынынан зардап шегуі ықтимал аймақтардың «сары аймағына» кіреді. Қала әкімшілік аумағында су тасқыны қаупі жоғары екі учаске бар, онда 64 үй орналасқан: Парковая көшесінің төменгі бөлігі мен Перцевка ауылы.
Су тасқынының салдарын барынша азайту мақсатында қандай шаралар қабылдануда? Бұл туралы брифинг барысында Рудный қаласы ТЖ басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Бурибаев мәлімдеді.
– Алдын алу шаралары аясында 144 000 текше метр қар шығарылды, арық жүйесі мұздан тазартылды, бөгеттер нығайтылды және қауіп төнген аумақтар топырақ үйінділерімен қоршалды. Перцевка ауылында ұзындығы 1,5 км, биіктігі шамамен 2 метр уақытша қорғаныс бөгеті салынды. Қашар ауылында гараж кооперативі маңында су ағызу арнасы тереңдетілді, – деді Нұрлан Бурибаев.
Сонымен қатар, жедел әрекет ету штабы құрылды. Тәулік бойы су деңгейін бақылау мақсатында төрт бекет ұйымдастырылды: Перцевка ауылында, Горняцкий кентінде, Сергеев су торабы мен Парковая көшесінің төменгі бөлігінде. Құтқарушылар кезекшілік етіп, гидрологиялық жағдайдың өзгерісін бақылауда.
Қаратомар су қоймасынан судың алдын ала жіберілуі басталды
Су тасқыны қаупіне байланысты 14 наурыздан бастап Қаратомар су қоймасынан секундына 10 текше метр көлемінде су жіберіле бастады. Бүгінде қойманың толу деңгейі 54 пайызды құрайды.
– Су жіберу шаралары басталды, сондықтан қала тұрғындарынан мұз үстіне шықпауын сұраймыз. Өзен ағыны мұз қабатын шайып кетіп, оның жарылу қаупін тудырады, – деп ескертті ТЖ басқармасы басшысының орынбасары.
Қала әкімдігі екі су сору станциясын сатып алды
Құтқарушылардың күш-қуатын арттыру мақсатында қала әкімдігі екі су сору станциясын сатып алды. Сонымен қатар, мотопомпалар жеке кәсіпорындарда да бар.
– Қазіргі уақытта облыстың оңтүстік аудандарында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Ал Рудныйда жағдай тұрақты, тасқынның ауқымды болуы күтілмейді. Дегенмен босаңсуға болмайды. Сол себепті ТЖ басқармасының 78 қызметкері күшейтілген екі ауысымды жұмыс режиміне көшті. Күн сайын «Қазсушар» мекемесінен Қаратомар су қоймасындағы су көлемі мен жіберілген су мөлшері туралы ақпарат алып отырамыз, – деді Нұрлан Бурибаев.
Халықты ақпараттандыру және оқыту шаралары
Құтқарушылар жеке секторда, саяжайларда және гараж кооперативтерінде рейдтер өткізіп, тұрғындарға су тасқыны кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндіруде.
Сонымен қатар, ТЖ басқармасы әлеуметтік осал топтағы азаматтардың аулаларынан қарды тазалау акциясын ұйымдастырды. Қала тұрғындарына да ауладағы қарды тазалау қажеттігі ескертілді.
Тасқын қаупі бар аймақтарда тұратын азаматтарға келесі алдын алу шараларын қабылдау ұсынылады:
✔ Қосалқы электр қуаты көздерін дайындау (фонарь, аккумулятор, генератор);
✔ Алғашқы медициналық көмек жинағын және дәрі-дәрмектерді дайындау;
✔ Ауыз су мен тез бұзылмайтын азық-түлік қорын жасау;
✔ Көлігі бар тұрғындарға – көлікті жанармаймен толтырып, қолжетімді жерде ұстау.
Республикалық штаб: облыста су тасқынына қарсы дайындық жүргізілуде
13 наурызда Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен республикалық жедел штабтың отырысы өтті. Онда Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі дайындық барысы туралы баяндады.
92 елді мекенде алдын алу жұмыстары жүргізілді:
✔ 168 су өткізу құбыры салынды;
✔ 20 км нөсерлі кәріз жүйесі төселді;
✔ 860 миллион теңгеге су сору құралдары мен су бөгейтін дамбалар сатып алынды;
✔ Су тасқынына қарсы іс-шараларға 7,5 миллиард теңге бөлінді.
Қазіргі уақытта ірі су қоймаларындағы су көлемі 881 миллион текше метрді құрап, 61%-ға жетті. 15 наурыздан бастап өзендерде мұз жару жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа 193 миллион теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.
Алайда, Рудный қаласында мұз жару жұмыстары жүргізілмейді, оған қажеттілік жоқ.
– Біз өзен арналары мен бөгеттерді тазалап, нығайту жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Барлық қызметтер дайындық режимінде жұмыс істеуде. Мақсат – халықты қорғау және су тасқынынан келетін шығынды барынша азайту, – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі.
Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін 3000 маман, 400 техника, 120 қайық және 330 мотопомпа жұмылдырылды. Облыс әкімдігі көршілес өңірлермен, соның ішінде Ресей Федерациясымен тұрақты байланыста. Су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.
Гүлім МҰРАТ,
суреттерді ұсынған
ТЖ басқармасы