Отбасы — сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы. 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешіммен 15 мамыр Халықаралық отбасы күні деп бекітілген болатын.
Шаһарымызда өмірде де, жұмыста да жұптары жазылмаған аяулы ұстаздар отбасы тұрады. Арнайы мерекеге орай, мұғалімдер династиясынан отбасы бақытының сырын сұрап көрдік.
Рудный қаласында үлгілі отбасылардың қатары қалың. Солардың бірі — ерлі-зайыпты Темірлан мен Нұрай Ауғанбаевтар. Жас жанұя Ахмет Байтұрсынов атындағы білім ордасында жұмыс істейді.
«Біз екеуміз 2014 жылы Әулиекөл ауданында мектепте оқып жүргенде таныстық. 2021 жылы тамыз айында Қостанай қаласында шанырақ құрдық. Бір салада еңбек етудің артықшылығы — бір бірімізге әрқашан қолдау көрсетеміз. Ақылдасатын ортақ тақырыптар да табылады. Бірге жұмысқа қол ұстасып барып, бірге қайтқан, бір мектепте бірге жұмыс жасаған ұнайды. Жолдасым Темірлан Мұратұлы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ал мен тарих пәнінен сабақ беремін», – деді Нұрай Айнұрқызы.
Ұстаздар жанұясы Бейімбет Майлин атындағы № 7 мектеп-гимназиясында да жұмыс істеуде. Шыңғыс пен Сара Кажиковтар 2018 жылы шаңырақ көтерген. Қазір олардың үш ұлы бар.
«Алғашқы еңбек жолымды өзім білім алған мектебімде география пәнінің мұғалімі болып бастадым. Қазіргі таңда еңбек өтілім толық 8 жыл. Жолдасым Шыңғыс — дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Оның еңбек өтілімі 9 жыл. Қазіргі кезде екеумізде Рудный қаласы Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясында жұмыс істейміз. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» екені сөзсіз рас. Себебі шәкірт санасына білім дәнін сеуіп,оны мейірімділікпен өсіру екінің бірінің қолынын келе бермейді. Жолдасым мектеп оқушыларын қазақша күрестен жарыстарға дайындайды. Әрбір шәкірттің жеңісін көргенде, мамандықты дұрыс таңдағанымыз қуантады. Екеумізге бір білім ордасында жұмыс істеу қиын емес. Біріміздің жағдайымызды біріміз түсініп, қолдау беріп отырамыз», – деді Сара Наурзбаева.
Үйде де, түзде де бірге қол ұстастқан жандардың қатарында № 15 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімдерін де жатқызамыз. Қазіргі уақытта олардың шаңырақ көтергендеріне 26 жыл толды.
«1997 жылы танысып сол жылдың күзінде отбасын құрдық. Жолдасым Бауржан Кожахметов 1995 жылдан бастап мектепте сурет және еңбек сабағынан берді. Өзім 2003 жылдан бастап мектепте музыка сабағынан беремін. Бірге жұмыс істеудің артықшылығы немесе кемшілігі бар деп айта алмаймын, қайда жүрсек те бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүреміз. Ортақ әңгімеміз болады. Мен жас отбасыларға ортада сыйластық, түсінушілік болып, әркім өз орнын білсе отбасы берік болады деп айтар едім», – деді Гулсая Тажина.
Отбасының аман-саулығы — әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Өмір дәмін бірге татып келе жатқан отбасыларға зор денсаулық, береке-бірлік, жақсылық тілеймін! Шаңырақтарыңызға махаббат пен татулық салтанат құрсын! Әрқашан отбасымыз аман, босағамыз берік болғай.
Арай Марат
газета «Рудненский рабочий»