«ҰБТ-сыз ақылы оқуға түсу, жұмыс орнын сақтау»: елде әскердің беделін көтеру үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында әскери-патриоттық тәрбие туралы парламент депутаттары ұсынған заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Жалпы отырыс барысында қорғаныс министрінің өкілі әскердің беделін көтеруге байланысты заңда қарастырылған бірнеше шараны атап өтті

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов қорғаныс министрінің орынбасарынан әскердің беделін көтеруге қатысты қандай жұмыс атқарылып жатқанын және алдағы жоспарлары туралы сұрады.

«Мемлекет басшысы әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын күшейту туралы тапсырма берген. Осының аясында депутаттар бірнеше заңға өзгерістер енгізу арқылы бұл жұмысты атқарды, яғни, әскери қызметте жүргендердің кредитін уақытша тоқтату және білім беру гранттарын беру туралы өзгерістер енгізілген болатын. Бұл шешім қоғамда өте жақсы қабылданды. Басқа қандай жұмыстар атқарылып жатыр және қандай жоспар бар?», — деп сұрақ қойды депутат.

Министрдің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, заң аясында әскердің беделін көтеруге қатысты бірнеше шара қарастырылған.

«Осы заңның аясында әскери қызметтің беделін көтеруге арналған бірнеше шара – жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай ақылы бөлімге түсу, әскери қызмет кезінде жұмыс орнын сақтау, жоғары оқу орнын экстернат нысанында оқу мүмкіндігі бар. Болашақта басқа да қарастырылып жатқан сұрақтар бар. Қарулы күштер тек мерзімді әскери қызметшілерден тұрмайды, ол жерде офицерлер, сержанттар бар. Солардың бұрын болған, бірақ қазіргі күнде тоқтатылған жеңілдіктерін қайтару мәселесі де көтеріледі. Ол болашақта стратегиялық тұрғыдан қарағанда, қарулы күштерде қызмет етіп жатқан әскери сержанттардың сапасын жоғарылатады, ары қарай қорғаныс қабілеті де нығаяды», — дейді ол.

Ал жақында Қорғаныс министрлігі оқу грантын иеленген сарбаздардың тізімін жариялады. Ведомтсво ұсынған грантқа 18 мыңдай адам үміткер болған. Оның ішінде 1500 адам грант алған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда әскери міндетін атқарып жүргендер қызметінің мерзімі мен тағы қосымша 60 күнге қарыздары мен несиелерін өтеуден босатылуы мүмкін екенін хабарлаған едік.

Сонымен қатар Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыруды 18 жастан 20 жасқа дейін көтеру үшін петиция жарияланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *