Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамына әсер етудің негізгі факторлары мен валюта нарығындағы ахуал туралы айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып
Маусым айының қорытындысы бойынша теңге бағамы бір доллар үшін 470,24 теңгеге дейін немесе 13,3 пайызға әлсіреді. Ұлттық банкте атап өткендей, нарықта мұндай көңіл-күйге сыртқы және ішкі факторлар себеп болған. Бірінші кезекте бұл доллар позициясының жаһандық күшеюі.
«Ішкі факторлардың ішінде бұл дивидендтерді төлеу кезеңінде заңды тұлғалар тарапынан валютаға сұраныстың артуы және экспорттаушылардың салық төлеу үшін сатылымның қысқаруымен байланысты валюта ұсынысының төмендеуі.
Ұсыныс тарапынан валюта нарығына қолдауды квазимемлекеттік сектор компанияларының 480,4 миллион долларды құраған валюталық түсімін сату және Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату көрсетті», — деп хабарлады Әлия Молдабекова.
Маусым бойы ішкі валюта нарығында Ұлттық банк валюталық интервенцияларды жүзеге асырмағаны атап өтілді. Ұлттық Банктің мәліметтері бойынша нарықтың сентименті мен құбылмалылығы нарықтық жағдайға сәйкес келді.
«Өзгермелі айырбас бағамы режимінде теңге үшін құбылмалылық қалыпты жағдай болып табылатынын атап өткім келеді», — деп толықтырды Ұлттық Банк басшысының орынбасары.