Ұлттық ойынды жаңғыртып

Мереке қарсаңында Рудный қаласында ата-бабамыздан келе жатқан, 4 мың жылдық тарихы бар ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақты насихаттап, оның кең қанат жаюына үлес қосып келе жатқан Гүлмира Ерубаева туралы бір үзік сыр айтпақпыз.

Гүлмира – Наурызым ауданының тумасы, бүгінде Балалар мен жасөспірімдерге арналған №2 спорт мектебінде директор орынбасары қызметін атқарады. Тоғызқұмалаққа деген ықыласы 7 сыныпта оқып жүрген кезде оянған. 2000-2006 жылдары тоғызқұмалақтан Қостанай облысының чемпионы, Ал 2003, 2005 жылдары республикалық деңгейде өткен
жарыстардың жүлдегері. 2004 жылы ҚМПИ-ға «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша оқуға түсіп, еңбек жолын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен бастаған. Алайда көп ұзамай сүйікті ісіне қайта оралады.

– 2008 жылы Рудныйда тұңғыш рет тоғызқұмалақтан бапкер атанып, ұлттық спорт түрін дәріптеуге кірістім. Өйткені тарихы тереңде жатқан тоғызқұмалақты ұлы ақынымыз – Абай Құнанбаев атамыз да ойнаған. Бұл ойын түрі балалардың логикасы мен ойлау қабілетін дамытады. Математикасына да пайдасы тиеді. Жалпы адам баласын сабырлыққа тәрбиелейтін тамаша құрал. Баланың алдыға қарай ұмтылуына көмегі тиеді. Қытай ғалымдарының зерттеуіне сенсек, тоғызқұмалақ тастары баланың алақандағы кейбір нүктелерді де емдейді екен. Мектепте үштікке оқитын балалар тоғызқұмалаққа қатысқаннан соң оқу үлгерімі түзеледі екен. Біз оны көп байқай бермейміз. Ата-
аналары мен сынып жетекшілерінің өздері солай айтып жатады. Осындай пайдалары өте көп, – дейді Гүлмира Дүйсенбіқызы.

Соңғы жылдары бапкердің қолынан еліміздің байрақты бәсекелерінде топ жарған бірнеше спортшы тәрбиеленіп шықты. Ал 2009-2019 жылдары Рудныйдың құрамасы ылғи жүлдегерлер қатарынан көрініп келді. Дене шынықтыру және спортқа қосқан үлесі үшін бірнеше рет лайықты марапатқа ие болған.

Жуырда кейіпкеріміз «Жыл әйелі – 2020» қалалық сыйлығын «Рухани қазына» аталымы бойынша жеңіп алды. Ендеше, Гүлмира Ерубаеваны да 8-наурыз мерекесімен құттықтап, көктемдей құлпырып, жан-жағына жылы шуағын шашып жүре беруін тілейміз. Еліміздің абыройын асқақтатар шәкірттері көп болсын!

Айдын АСҚАР

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *