Ұлғас Ахметов: «Жылу жүйесіндегі басты қағидалар – жылдамдық пен сапа»

2025 жыл – Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру туралы тапсырма берді.

Бұл – ел экономикасының тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын жақсартудың маңызды қадамы. Өйткені, кез келген қаланың инфрақұрылымы жұмысшы мамандардың еңбегіне тікелей байланысты. Құрылысшылар, слесарьлар, электриктер, дәнекерлеушілер, сантехниктер, механиктер – осы мамандық иелері қаланың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Осындай жауапты мамандық иелерінің бірі – Ахметов Ұлғас Жақсыбайұлы, «Рудный жылу желілері» ЖШС-нің жылу желілерін жөндеу және қызмет көрсету слесарі.

Ұлғас Ахметов 1972 жылы дүниеге келген. 2009 жылы Өзбекстаннан отбасымен мемлекеттік квота бойынша Рудный қаласына көшіп келіп, «Рудный жылу желілеріне» жұмысқа орналасқан. Содан бері осы салада үздіксіз қызмет етіп келеді.

Оның айтуынша, 15 жыл ішінде жылу жүйелерінде үлкен өзгерістер орын алған.

«Мен жұмыс істеген уақыт ішінде орталықта жаңа жабдықтар мен заманауи техникалар пайда болды. Жылу жүйелерін жөндеу әдістері жетілдірілді. Сонымен қатар, ауіпсіздік талаптары жоғарылады. Мен Гагарин көшесінде орналасқан үшінші учаскеде жұмыс істеймін. Бригадада екі дәнекерлеуші және бес слесарь бар. Бұл учаске 1-шағын аудан (8, 9, 10, 16, 18 үйлер, 14-15-кварталдар, 16-үй), Комсомол даңғылы, медициналық-санитарлық бөлім, РЭК және Парковая, Комановатов, Шевченко көшелерін жылумен қамтамасыз етіп, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Жалпы Рудный қаласында алты жылу учаскесі бар, оның екеуі жеке секторға қызмет көрсетеді»,- дейді слесарь.

Маманға әсіресе, 2023-2024 жылдары жүргізілген жылу магистралдары мен кварталішілік жүйелерді жаңғырту жұмыстары есінде ерекше сақталған.

«Сол кезде біз ерекше күш салып жұмыс істедік. Өйткені, біздің еңбегіміз қала тұрғындарының қыста жылусыз қалмауына тікелей әсер етеді. Слесарь болу – ауыр, бірақ өте маңызды жұмыс. Менің ойымша, бұл – қаланың инфрақұрылымындағы ең басты бағыттардың бірі. Сондықтан слесарь мамандығы – болашақта да сұранысқа ие, тұрақты кәсіп болары анық. Ең бастысы – өз ісіңді жақсы көру және кәсібилікке ұмтылу», – дейді Ұлғас Ахметов.

Слесарь мамандығы тек біліктілікті ғана емес, жылдамдық пен сапаны да талап етеді. Жылу жүйесіндегі ақауларды тез арада анықтап, қысқа мерзімде жөндеу жұмыстарын жүргізу – басты міндеттердің бірі.

«Біздің жұмыста ең маңыздысы – жұмысты дер кезінде, сапалы орындау. Апат болса, біз бірден жөндеуге шығамыз. Кішкентай қателік үлкен мәселеге айналуы мүмкін, сондықтан жылдамдықпен қатар, әр жұмыстың сапасына да ерекше мән береміз», – дейді Ұлғас Ахметов.

15 жылдық тәжірибесі бар маман жастарға еңбекқор болуды, білім алуды және өз ісіне адал болуды кеңес етеді.

«Адам өзіне ұнайтын мамандықты таңдауы керек. Сонда ғана жұмыс қуаныш әкеледі. Ал слесарь мамандығы – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын сала», – дейді ол.

Ұлғас Ахметов жұбасымен 5 перзентті тәрбиелеп отыр. Жұмыс кестесі тығыз болғанына қарамастан, ол отбасына уақыт табуға тырысады және өзінің таңдаған кәсібімен мақтанады.

Жұмысшы кәсіптер жылы аясында Ұлғас Жақсыбайұлының өмір жолы – еңбекқорлық пен кәсібилік қала өміріне қалай әсер ететінінің айқын мысалы.

 

Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,

суретті түсірген

Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *