№7 мектепте Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды кездесу өтті. Іс-шара Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын, ұстаз, қоғам қайраткері Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлының рухына арналды.
Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлы – халқымыздың ардақты перзенттерінің бірі. Ол 1913 жылы 1 қаңтарда бұрынғы Торғай уезі, Қараторғай болысы, Батпаққара ауылында дүниеге келген. Әкесі Әмірхамза Досжанұлы – өз дәуірінің көзі ашық, зиялы молдасы болған. Ғабдол-Ғазиз 7 жасынан бастап әкесінен арабша хат танып, алғашқы діни және әдеби білім алған.
1921-1927 жылдары Қараторғай болыстық мектебінде, кейін 1927-1928 жылдары Торғайдағы «Қазкоммуна» жеті жылдық мектебінде білім алды. Осы жылдары Ахаң — Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовты көріп, олардың еңбектерімен терең танысады. Бұл — оның азамат болып қалыптасуына ерекше әсер еткен кезең еді.
1928 жылдан бастап ұстаздық жолын бастайды. 1936 жылы өзі оқыған мектеп жеті жылдық оқу орнына айналып, оның алғашқы директоры болып тағайындалады. Ауыл мектебінің құрылысынан бастап ішкі жабдықталуына дейін атсалысып, елеулі еңбек сіңірген.
Алайда 1938 жылдың қараша айында әкесі «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, желтоқсанда ату жазасына кесіледі. Осыған байланысты Ғабдол-Ғазизді де мектеп басшылығынан босатып, саяси қысымға ұшыратады.
1942 жылы Наурызым ауданындағы Отан қорғау мектебіне шақырылып, Шұбаркөлдегі полк мектебінде әскери дайындықтан өтеді. Қыркүйек айында сержант атағын алып, 1944 жылдың қаңтарында өз еркімен майданға аттанады. 280-ші атқыштар бригадасының бөлімше командирі ретінде Украина жеріндегі сұрапыл шайқастарға қатысып, Берлинге дейін жетеді. Қан майданда от пен оқтың ортасында жүріп, еліне деген махаббатын, адалдығын дәлелдеген жауынгердің бірі болды.
Соғыстан кейінгі жылдары Аманкелді ауданына қарасты ауыл мектептерінде ұстаздық қызметін жалғастырады. Зейнетке шыққанша Үрпек ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. 1956 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігінің «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
Ғабдол-Ғазиз ақын ретінде де артында мол мұра қалдырды. Оның қаламынан шыққан 200-ден астам өлең мен бірнеше поэма халыққа белгілі. Олар: «Кешегі өткен дәуірім», «Қарт ұстаз», «Достарыма», «Ұлыма», «Інілерім бар менің», «Алтын заң», «Қазақ» секілді туындылар. Ал поэмалары: «Жеті батыр», «Дала комиссары», «Торғайдың топжарғаны», «Бабалы ұста» сынды тарихи, патриоттық тақырыптарды қамтиды. Сонымен қатар, Файзолла Сатыбалдыұлының араб әрпімен жазған еңбектерін аударып, елге қолжетімді етті.
«Әкемнің ізімен мен де ұстаз болдым…»
Кездесу барысында ардагердің қызы — Шамшия Қайыркенова сөз сөйлеп, әкесінің жарқын бейнесін еске алды.
– Мен – Ғабдол-Ғазиз ақсақалдың кенже әрі жалғыз қызымын. Әкем өмірінің 40 жылын ұстаздыққа арнады. Балалық шағымыз әкем мен анамыздың мейірім мен махаббатқа толы ортасында өтті. Ол кісі Берлинге дейін жетіп, Отан алдындағы парызын абыроймен өтеді. Ал мен оның жолын жалғап, мұғалім болдым. Өзім де мектепке 40 жылымды беріппін, – деді ол толқыған дауыспен.
Ол әкесінің өлеңдерінен үзінді оқып, батыр ұстаздың рухына тағзым етті. Сондай-ақ, ардагердің қаламгерлік қырын, ұстаздық жолындағы еңбекқорлығын, адамгершілік келбетін ерекше тебіреніспен еске алды.
Ардагер рухына құрмет
Жиынға қала ардагерлері мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңбыршы Төлеуғабылов та қатысып, бүгінгі ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор іс-шара екенін атап өтті.
– Мұндай тұлғалар туралы айту – болашақ үшін қажет. Олар бізге рухани бағдар болады. Жастарға үлгі боларлық асыл қасиеттер – адалдық, білімге құштарлық, туған елге деген махаббат – осы кісілердің бойынан табылған. Осындай ұлағатты кісілердің есімі қаламыздың мектептеріне немесе көше атауына таңдалса деген ниетімізде бар, – деді ақсақал.
Кездесу соңында оқушылар ардагер ұстазға арналған өлеңдерді жатқа оқып, оның ерлігі мен еңбегіне бас иді.
Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлының өмір жолы – өткен ғасырдың қатпарлы тарихынан сыр шертетін тағылымды тағдыр. Батырдың өнегесі – мәңгілік ұрпақ жадында.
Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,
сурет отбасы
мұрағатынан алынды