Жас ұрпақтың қоғам қажеттілігіне сай, дарынды, әрі зерек болуы алдымен ұстаздарың білімі мен біліктілігіне байланысты. Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәлім — тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт — бағдар беру — ұстаздардың басты мақсаты. Ал, кәсіби қажеттілікті одан әрі шыңдауда педагогтар үшін тәжірибе алмасудың маңызы зор.
Шаһарымызда болашақ педагогтарды қиын да күрделі жауапкершілігі мол мамандыққа даярлау үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі — Бейімбет Майлин атындағы № 7 мектеп қабырғасында өткен достық кездесу. Іс-шара спорттық сайыс, әрі дебаттық турнирден тұрды. Кездесуге Астана қаласы және Ақмола облысының Аршалы мектебінен 41 қатысушы келген. Сонымен қатар, Рудный қаласының № 13 және № 7 мектептерінің болашақ педагогтары да қатысты.
«Кездесудің негізгі мақсаты — оқушылар қауымын ұстаздық жолға жетелеу, бірлікте жұмыс жасауға, ұйымшыл болуға үйрету және іс-тәжірибе алмасу. Жалпы бұл іс-шараға жиналған оқушылар болашақта педагогтық қызметті таңдаған. Аталмыш іс-шара ЮНЕСКО клубына кірген командалар арасындағы кездесу болып саналады. Біздің Рудный қаласынан ЮНЕСКО-ға №13 және №7 мектеп оқушылары кіреді»,- Бейімбет Майлин атындағы № 7 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Ахметова.
Еске сала кетейік, 2021 жылы Рудный қаласы №7 мектеп-гимназиясы және № 13 жалпы орта мектебі, Ақмола облысы, Аршалы ауданы Жұмабек Тәшенов атындағы орта мектебімен бірлесе отырып меморандумға қол қойған еді. Соның нәтижесінде Ж.Тәшенов атындағы орта мектепте білім саласының қызметкерлерін басын біріктірген форум ұйымдастырылды. Биыл болашақ педагогтарға арналған іс-шара біздің қаламызда жалғасын тауып отыр. Кездесудің алғашқы бөлігінде волейболдан 4 команда арасында сайыс өткізілді. Сонымен бірге мектеп қабырғасында дебаттық турнир де ұйымдастырылып, «Шебер қолдар» үйірмесінің тәжірибе алмасуы өтті.
«Былтырғы оқу жылы біздің мектепреспублика көлемінде семинар өткізді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен үздік мектептер келіп, өздерінің тәжірибесімен бөлісті, ұстаздар біліктілігін арттырды. Енді биылғы 2023 жылы 7 мектеп-гимназияда 4 білім ордасы меморандум аясында іс-шара өткізудеміз. Оның ішінде Астана қаласы № 29 мектеп, Тәшенов мектебі және Рудный қаласының екі мектебі бар. Осы жұмыстардың нәтижесінде ұстаздарымызбен қоса оқушыларымыз да жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жатыр», — деді Ақмола облысы, Аршалы ауданы Жұмабек Тәшенов атындағы орта мектебінің директоры Гүлнар Байдилдина.
Игі бастама мектеп оқушыларының білім сапасын арттыруға септігін тигізеді. Бүгінгі таңда осы тәрізді педагогтардың кәсіби деңгейін арттыратын тәжірибе алмасулар жалғасын тауып, ұстаздар қауымының бала оқытудағы шеберліктері шыңдалады деген сенімдеміз.
Зерде Жеңіс