«Шетелдегі қандастарымызды Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалмақ емес және қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру біздің парызымыз» деп ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткен болатын.
1991-2024 жылдар аралығанда 1 млн 130 мың аса этникалық қазақ тарихи отанына оралды. Солардың бірі әдебиет сүйер қауымға етене таныс ақын, «Асылдар сөзі» кітабының авторы, Тауелібай елінде, Өзбекстанның Тамды ауданында дүниеге келген Сүндет Молдашев. 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін өз атамекеніне оралуға бел буған. Алғашқы болып 2009 жылы ұлдары жұмыс бабымен қоныс аударады. Көп ұзамай 2013 жылы Рудный шаһарына өзі де жұбайымен көшіп келген. Бүгінгі күні айналасы немерелерінің қызығына тоймай жүрген қаламгер шығармашылық өмірге көңіл аударуда. Жуырда тілшіміз ақын шаңырағында қонақта болып, өмір жайында әңгіме өрбітті.
Сүндет Ұбайұлы жастайынан ауыл ақсақалдарынан ауыз әдебиеті үлгілерін тыңдап, қазақ би-шешендерінің асыл сөздерін, дастан-жырларды қызыға оқып, жаттап өскен.
«Жас кезімнен кітап оқуды ұнататынмын. Өсе келе ұстаз болатынымды кәмел сендім. 40 жыл ұстаздық етіп «Халақ ағарту ісінің үздігі» төс белгісісінің иегері атандым. Еңбек өтілімнің жартысында қазақ мектебінің директор орынбасары болып қызмет атқардым. Бүгінде қаладағы іс-шараларда халықты рухани сөз өнерімен, жаңа жазылған өлең-жырларымен сусындатып белсенді азаматтарымыздың арасында шырылдап жүрген жайым бар», – дейді қаламгер.
Көшіп келген сәттен Сүндет Ұбайұлы қалалық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі атанды. Шығармашылығын тоқтатпай, облыс және қала аумағындағы түрлі шараларға қатысып келеді. Салт-дәстүрлердің ішіндегі ең асылы, көңілдің сәнін келтіріп, өмірдің мәнін ұғындыратын рухани құндылығымыз – бата. «Қазыналы қарттардың батасы – қашан да жақсылық пен игі ықыластың, ақ тілектің айғағы» деп санайтын Сүндет Молдашев дәл осы өнер түрінен бірнеше рет байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болған.
«Қалалық сайыста 9 қарсыласым болды, кейін облыстық іріктеуге өтіп 12 адамның арасынан бас жүлдені қармағыма алып алдым. Барлық мерекелік шараларға өлең жазуға тырысамын. Әсірессе маңызы бар мейрамдарды қалдырмай ойыма бірден шумақтар ұйқасып келе бастайды. Жергілікті А.Шаяхметов және С.Оспанов ақындарымен бас қосып, олардың еңбектерімен таныстым», – дейді тіл маманы өз әңгімесінде.
Сүндет Ұбайұлының отбасы жайлыда сөз өрбіттік. Үйдің от анасымен 1977 жылы тағдырлары тоғысқан. Ақынның айтуынша мектеп қабырғасында қызмет етіп жүрген кездерінде танысқан. Балалары дүниеге келіп, олардың тәрбиесіне ерекше мән берген. Ұрпақтан елінің абыройын көтеретін, жерін қорғайтын нар тұлғалы азаматтарды өсіруге тырысты.
«Рудный қаласына көшіп келгенімізге еш өкінбеймін. Көші қон процесстері жайында таныстарымнан біліп, бірінші ұлдарым қоныс аударды. Қала ішінде қоғамдық шаралар ете араласып, жергілікті тұрғындардай өмір сүрудеміз. Ұлым мен келіндерім әрқашан көмек көрсетіп, жанымыздан табылады. Қазір 10 немереміз бар. Олардың арасынан маған ұқсаған шығармашылыққа жақындарыда бар. Бірі мәнерлеп оқу сайыстарына қатысады, екіншісі домбыра тартып, жайдарман ойындарына белсенді қатысады. Баларыма адамгершілік, мейірбандық туралы өнегелі әңгімелерді жиі айтуға тырысамын», – дейді үйдің ақсақалы.
Өлеңнің қадір-қасиетін түсінетін жандар барда Сүндет Молдашев сияқты отты жүрек ақындардың ұмытылуы әсте мүмкін емес. Дегенмен, отты жырдың қызуын, ақ батаның қадірін ұрпағы жанына жақын тұтса ғана өміршең болады. Ендеше, жеткіншектердің «тыңнан тұмса тағы бір жыр әлемін ашуы» үшін ақындарымыз жайлы сөз айтып, келер ұрпаққа насихат ету бізге парыз болып қалмақ.
Наурыз – ежелден келе жатқан, қазақ болмысын айшықтайтын, қазақылықтың бүкіл сипатын бойына жиған, дәстүрдің дәріптеліп, рухтың жаңғыратын мейрамы. Бұл күн табиғат пен адам үйлесімділігі, үндестігінің деңгейін еселей түсетін секілді. Жыл басы ретінде дәл осы наурыздың таңдалып алынуы да тегін болмаса керек. Расымен, ерте көктемде тіршіліктің жаңарғанын, жаңа күннің орнағанын сеземіз. Жер-жаһан қайта түлейді. Қарт кісілер «Қытымыр қыстан аман-сау шықтық» деп шүкір етеді. Шаруа малын көкке жіберіп, көңілі жайланады. Жастар жағы бір-бірімен жүз көріскендеріне қуанса, ойын балалары жазық далада асыр салып, тыныстары кеңіп қалады. Рудный қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, жергілікті ақынымыз Сүндет Ұбайұлы барша қала тұрғындарын Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мейрамымен құттықтады!
Әз «Наурызым!»
Наурызым жаңа жылы дәстүрімнің,
Жиналып тойлап жатыр, халқым бүгін.
«Аспанда шөкімдей де, бұлт болмайды»,
Шуағын төгіп тұрса, көктен күнім.
Жадырап жаспен-кәрі, мәз-мейрам боп,
Шаттанып би билесе, ұлмен-қызым.
Көктемнің сәні емеспе, түрлі әуенмен,
Домбырамен ән салса, жігіттерім.
Қысылып қыстан шыққан, жан-жануар,
Оларда сағығандай, дала төсін.
Қиқулап құстар ұшып, көк аспанда,
Хабаршысы болғандай, жаңа жылдың.
Тігіліп қара үйлер, шаршы алаңда,
Наурыздың келтіріп тұр берекесін.
Таратып Наурыз көже, беріп жатыр,
Кіргендерге ұсынып, кеселерін.
Арулар: оқалы ою, киім киіп,
Әжелер: басқа салған, кимешегін.
Қолында, алтын-жүзік білезіктер,
Сәнденіп, шай құяды келіндерім.
Ел атасы атанған ақсақалдар,
Еңбектің көтерген ғой, ауыр жүгін.
Үгіт етіп, жастарға насихаттап,
Айтып беріп отырар, өсиетін.
Әдет-ғұрып салты бар, ұлтымыздың,
Өткізер сол дәстүрмен мерекесін.
Екі жаққа бөлініп, жігіттерім,
Арқан тартып, күштерін көрсететін.
Үрдісі еліміздің, көп сақталып,
Әз Наурызды, тамаша өткеретін.
Сыйласып бірін-бірі, үлкен-кіші,
Құшақ жайып, қарсы алып көрісетін.
Бұл күні , есігі ашық, бар қазақтың,
Реніші бар кісіні, кешіретін.
Жаңа жылда, жарқырап жүрсем деумен,
Жеткізер: жақсы сөзбен тілектерін.
Құттықтап, Наурыз жайлы, сөздер айтып,
Сыр ұқтырған, данамен, көсемдерім.
«Ұлу жылы» келгенін қуанышпен,
Жадырасын, қарсы алып, туған елім!
Сүндет МОЛДАШЕВ,
Ардагер ұстаз
Сания САКТАГАН