Әдеби мұраны дәріптеу – басты мақсат

Рудныйда «Әбіш оқулары» байқауы өтті

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығына арналған «Әбіш оқулары» облыстық байқауы 7 мектеп-гимназиясының шаңырағында өтті. Бұл іс-шара «QC READ» жобасы аясында ұйымдастырылып, оған Қостанай мен Рудный қалаларындағы мектептердің 8-11 сынып оқушылары қатысты. Биылғы байқауға 89 жас оқырман қатысып, жазушының шығармашылығы жөніндегі білімдерін ортаға салды.

Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпаққа Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық мұрасын терең таныстыру, оның еңбектері арқылы оқушылардың ой-өрісін кеңейту және әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыру. Сондай-ақ, бұл шара жасөспірімдер арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталды.

Рудный қаласы білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаевтың айтуынша, мұндай байқаулар оқушылардың білімге деген ынтасын арттырып, қазақ әдебиетін терең түсінуге мүмкіндік береді.

  • «QC Holding» ЖШС демеушілік білдіргеніне алғысымыз шексіз. Бұл – білім саласына көрсетілген құрметтің айқын белгісі. Оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығы жоғары, олар өз білімдерін лайықты деңгейде көрсетті. Мұндай байқаулардың жалғасын табатынына сенемін», – деді ол.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушыларға Әбіш Кекілбайұлының шығармалары негізінде тест сұрақтары берілді. Ал екінші кезеңде жеребе арқылы таңдалған бір шығарма бойынша эссе жазу тапсырылды.

Қатысушылардың шығармашылық қабілеті, жазушы еңбектерін терең түсінуі мен әдеби талдау жасау дағдылары әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Нәзкен Күзбаева жеңіп алды. Оған iPhone 15 Pro смартфоны табысталды.

Жеңімпаз өз әсерімен бөлісіп, байқауға дайындық барысында алған білімі мен қолдаушылардың рөлі туралы айтты: «Өте қуаныштымын! Шынымды айтсам, күтпедім. Байқауға дайындық барысында Әбіш Кекілбайұлының бес шығармасын оқыдым. Екінші кезеңде эссе тақырыбына оның «Бәсеке» шығармасы түсті, бұл туынды мен үшін ерекше болды. Осындай байқаулар жастарға үлкен мүмкіндік береді. Сынып жетекшім, мектеп басшылығы мен ата-анам үлкен қолдау көрсетті».

Байқаудың бас демеушісі – «QC Holding» ЖШС. Компания бас директоры Нұралхан Кульчиков білім беру саласына инвестиция құюдың маңыздылығын атап өтті.

«Білім – қоғамның негізі. Әдетте құрылыс компаниялары спорт пен мәдени шараларға демеушілік етеді, бірақ біз білім саласын қолдауды жөн көрдік. Биыл 89 оқушы қатысып отыр. Алдағы уақытта байқауларға ақшалай сыйақы қорын енгізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, ақпан айының 13-14 күндері Светқали оқуларын өткізуді жоспарлап отырмыз. Жүлде қоры – 1 миллион теңге», – деді ол.

«Әбіш оқулары» байқауы қазақ әдебиетіне қызығушылықты арттырып, жас оқырмандардың таным көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосты. Ұйымдастырушылар мұндай шараларды алдағы уақытта да жалғастырып, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларына арналған байқауларды көбейтуді көздеп отыр.

Осылайша, Рудный қаласында өткен бұл байқау жас ұрпақтың рухани дамуына ықпал етіп, Әбіш Кекілбайұлының мұрасын кеңінен насихаттауға жол ашты.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген

 Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *