Әзілге толы алаң

Жайдарман сахнасындағы алғашқы РИУ кубогы кімдерге бұйырды?

Жаз – тек тынығудың емес, шығармашылыққа қанат бітіретін маусым. Шілденің шуағында Рудный жастарының күлкіге толы кеші қаланың жүрегінде, Рудный индустриялық университетінде өтті. Бұл – жай концерт не ойын емес, қазақ тілінде өткен тұңғыш РИУ кубогының «Жайдарман фестивалі».

РИУ қабырғасында өткен бұл кеш жастарға арналған шынайы мереке, әзіл мен тапқырлықтың тоғысқан алаңы болды. Бір сахнада мектеп оқушылары мен колледж студенттері, түрлі мекемелер мен кәсіби командалар бас қосып, өнер көрсетті. Ресми түрде ұйымдастырылғанымен, шараның әр сәтінен еркіндік пен шығармашылықтың иісі аңқып тұрды.

«Бұл қазақ тілінде, жастар үшін арнайы ұйымдастырылған алғашқы Жайдарман кешіміз. Бұған дейін осындай шараларды орыс тілінде өткізгенбіз, бірақ биыл әріптестерімізбен келісе отырып, қазақ тілінде өткізуге бел будық. Бұл тілге, мәдениетке деген құрмет»,- дейді РИУ ректоры Нұрбек Сапарходжаев.

Оның айтуынша, шара жазғы демалыстағы балалар мен жастарға серпін сыйлау, олардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылған.

«Жайдарман – бұл өнердің, тапқырлықтың мектебі ғана емес, сондай-ақ тәрбиелік мәні зор мәдени шара. Мұндай кештер жастардың тілге, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын оятады» – деп қосты ректор.

Биылғы фестивальге 12 команда өтініш білдірсе, олардың ішінде 8 команда ғана сахна төрінде бақ сынады. Қатысушылар қатарында №1, №7, №13 және №19 Рудный қалалық білім беру орта мектептерінің командалары, колледж ұжымдары, сондай-ақ, Рудный қалалық емханасының командасы болды. Жарыс іріктеусіз, барша қатысушыға мүмкіндік беретін еркін фестиваль форматында өтті. Ректордың айтуынша, бұл шара келер жылы да жалғасын тауып, республикалық деңгейге шығуы мүмкін.

«Алдағы маусымда Есен Елеукен ағамызды шақырып, кең көлемде өткізуді жоспарлап отырмыз» , – дейді ол.

Фестиваль қорытындысы бойынша 1-орынды «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» командасы жеңіп алды. Олар «Параллель» демалыс орнынан 20 000 теңгеге сертификат пен «Тойбастар» дүкендер желісінен 20 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. 2-орынды «Орта» командасы иеленді – оларға «Bauyrdaq» кафесінен 20 000 теңгелік сертификат табысталды. 3-орын «Сарыбай» командасына бұйырды. Бұл командаға «Керуен» сауда үйінен 20 000 теңгеге сертификат ұсынылды. Көрермендердің ерекше ықыласына ие болған «Майжүректер» командасы «Qazaq Brand» дүкенінен ұлттық өнімдер себетін сыйға алды. Ал арнайы номинациялар қатарында «Дайын емеспіз», «Ойлап таппадық», «Качар краштары», «Ақ пен қара» командалары аталып, «Happy Cake» кондитерлік дүкендер желісінен 5000 теңгелік сертификаттармен марапатталды. Үздік ойыншы ретінде танылған Абдрахметов Нұрқасымға «Nazdar Flowers» дүкенінен 20 000 теңгеге сертификат табысталды. Сондай-ақ, көрермен көзайымы ойыншысы атанған Ташмұрат Пердебайға «Medpoint» медициналық орталығынан арнайы сертификат берілді.

Жайдарман – жай ғана әзіл алаңы емес. Ол сөзбен сурет салатын, оймен ойнақтайтын сахна. Бұл жолы сол сахна Рудный жастарының шабытын оятып, армандарын ұштап, достық пен мәдениеттің айнасына айналды. Бірінші рет ұйымдастырылғанымен, бұл кештің әсері ұзақ сақталмақ. Университет қабырғасынан басталған бұл бастама, сірә, күлкімен көмкерілген үлкен дәстүрге айналатын секілді.

 

 

Жанарай

НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген

Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *