Әлиханның серті

Кейінгі кезде билік өкілдерінің көбі ХХ ғасыр ба­сын­дағы Алаш оқы­ғандарының сөзінен мысал келтіріп, ел­ге Алаш ұстанымын айтып жата­тынын көз көрді. Өте дұрыс, құптарлық іс. Баянды болғай дедік. Сосын ой­ла­нып та қалдық. Сондағы ой – Отанды сүю, мемлекет ісіне адал болу мә­селесі. Көпке Алаш сөзін айтып, өнеге көрсеткісі келе­тін­дерге өткен тари­хымыздан бір оқиғаны мысалға кел­тірейін.

1913 жылы «Қазақ» газетіне «Жиһанша Әлмұхамедұлы Сейдалинге» деген мақала ба­сылады. Авторы – Әлихан Бөкейхан. Жал­пы­қазақ съезін шұғыл ұйымдастырайық, әр об­лыстан делегат шақырайық деп ұран тас­та­ған Жиһанша Сейдалинге жауап ретінде жа­зылған материал-тұғын.

Ұлт көсемі осы мақаласын «Тірі бол­сам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп аяқтаған. Асылында, дегдар бұл сөзді тек жа­зып қана қойған жоқ, ақтық демі тау­сыл­ғанша қазағына, еліне қызмет етіп, ақырында сол қазақ хақысы үшін, мүддесі үшін ату жа­­засына кесілді. Біздің сөз еткелі отырған мә­селеміз сол – Әлихан Бөкейханның хал­қына берген серті төңірегінде.

Киіз туырлықты ұлтымыз үшін ежел­ден серт, ант, сөз беру, уәде деген сөз­­­­дердің мәні мен мағынасы бөлек. Айрық­ша сипатқа ие. Ата-бабамыз ұстанған асыл ді­німіз – ислам низамында да серт пен уәде­нің жөні ерек. Сертке, уәдеге берік болу, айт­қан сөзіңде тұру, орындау – азаматтың адам­гершілігін, іскерлігін, жауапкершілігін көр­сететін жақсы қасиеттер.

Дін ислам тарихында уәде, серт тура­лы көптеген ғибрат аларлық тағы­лым­дар жеткілікті. Қасиетті Құран Кәрім кіта­бында: «Олар, Аллаға берген уәдесін орын­дағандар және берген сөздерінен айны­м­ағандар» («Рағыд» сүресі, 20 аят) делінген. Біз­дің көсем халқына берген сертінен тан­ба­ған, Аллаға берген уәдесін орындаған аза­­мат.

Әлихан Бөкейхан – төре тұқымынан. Шыңғыс ханның жиырма жетінші ұрпағы. Ұлы атасы Барақ сұлтан, одан Бөкей. Шыңғыс хан құрған ұлы қағанаттың уығы ыды­рап, ақ босағасы шайқалып, перзенттері тақ пен билік үшін бір-біріне қарсы шығып, бірін-бірі өлтірген-ді.

Төрткүл дүниені уысына ұстаған қа­ға­наттың тақ мұрагерлігіне кісі қа­нын аяусыз төгіп, көз жасын арқалап отыр­ған Әбілқайыр Шайбанидың зұлым­ды­ғы мен қысастығына шыдамай, Орыс хан­ның Жәнібегі мен Керей сұлтан Алмалыққа, Же­тісу­ға ығысып, Шайбан ұлысына қараған б­ү­гін­гі қазақ руларын бөліп алып, Қазақ хан­дығының ордасын көтеріп еді. Шу бойын­­дағы келелі кеңеске қатысқан мұқым қазақтың игі жақсылары екі сұлтанның сөзі­не құлақ асып, ортаға қамшы тастап, ақ киіз­ге Керейді хан деп көтеріп ұлықтаған. Бүт­кіл қазақ баласы сол кезде төре зәуза­ты­нан шыққан хан перзенттеріне сеніп, тағ­дырын аманаттап берген-ді. Кейін, өкінішке қарай, ішкі алауыздық пен сырттың ашкөз­ді­гінен Қазақ ордасының да шаңырағы ор­та­сына түсіп, Ресей империясының бодан­ды­ғына өтіп едік…

Міне, осындай тарихи-саяси жағ­дай­ларды жақсы білген көсем қазақ мүддесін қорғау үшін, бодандықтың сорына бел­шесінен батқан мешеу елін өркениетті ұлысқа айналдырамын деп теңдік жолында ант берген болатын. Бұл – жай сөз емес, елі­не, «Алаш» деп соңынан ерген халқына бер­ген жүрек сөзі, уәдесі еді. Өйткені «уәде – Құдай сөзі». Әлихан Нұрмұхамедұлы сауатын алғаш рет Тоқырауын болысындағы ауыл молдасынан, сосын өз әкесі Мұқан төреден («Мұқан төре» деп ел атаған. Азан шақырып қой­ған есімі – Нұрмұхамед – Е.Т.) тәлім ал­ған жан. Уәде, серт дегеннің жауапкершілігін толық сезінген, жан-жүйесімен ұғынған.

Неге бұлай уәде берді екен деген сұрақ тууы заңдылық. ХХ ғасырдың алғаш­қы онжылдығында қазақ оқыған­дары­ның арасында өзара түсініспеушілік, жеке бас араздығы сияқты пікір қайшылықтары бол­ған. Оқығандардың жартысы «отырықшы ел болайық» десе, қалған бөлігі «еуропалық си­патта дамиық» деген ұстанымды ұстады. Мә­селен, төре тұқымынан шыққан үлкен оқы­мысты Бақытжан Қаратайұлы бастаған топ мерзімді басылымдар арқылы «Алаш» идея­сын көтерген Әлихан Бөкейханды және оның идеялас-мақсаттас серіктерін сынап-мінеп жатқан-ды. Әлихан сардардың айтқан осы сөзі – қарсыластарына берген жауабы ғана емес, ұлт қайғысын түсінген жанның на­мысты шері.

Әлиханмен пікірі жараспаған адам­ның бірі – Жиһанша Сейдалин де хан ұрығынан тараған оқыған, тегеурінді аза­мат. Арғы атасы – Әбілқайыр хан. Кіші жүз ханы болған Нұралының шөбересі. Әкесі Әлмұхамед оқыған, өз заманының көзі ашық дәулетті кісісі болыпты. «Таста тамыр жоқ, төре­де бауыр жоқ» деген Шыңғыс бабасының аталы сөзін мықтап ұстанған Әлихан қаны туыс өз бауырларымен қосылып, рулық, ата­лықты желеу етпей, барша қазақтың намысы мен мүддесі үшін күресті.

Бізге саяси тұлғаның осы таңдауы, ұста­­­­нымы – үлгі, өнеге. Мысалы, Әли­хан­ның туған інісі Смахан естелігінде: «Әле­кең «оқыдым» деп басына пайда қылмаған, мал жимаған, үй салмаған, үй тігіп, қымыз ішіп, қазақша дәурен сүрмеген. «Қазағым, елім!» – деп кеткен. Пара алмаған, қазақтың елін, жерін аралап көрген. Өмірін «қазақты ел қыламын» деп сарп еткен…» деп жазған. Ес­телік арқылы оның қандай азамат болға­нын байқап, өмірлік арман-мұратын ұғуға бо­лады. Шындығында, саяси элитаның сер­кесі дүние-мүлік жимаған, тек ел мұратын ар­қалаған адам болатын. Ол керісінше ғұ­мыр бойы ілім-білім жиып, ғылыми жұ­мыс­тармен айналысып, көп оқып, көп ізденген кісі. Қарап отырсаңыз, осының өзі – ғибрат­ты ғұмыр. Қызылды-жасыл дүниеге қы­зық­па­ған, ама­нат ретінде берілген уақытын тиім­ді пай­­даланып, Алла Тағала жақсы көре­тін ғы­лым жолында еңбек еткен, ел ба­сына қауіп төнгенде халқы үшін саясат ісі­не араласып, оқ пен оттың ортасын көр­ген.

Атам қазақ айтыпты: «Айтылған сөз атылған оқпен тең». Рас, Әлихан Бөкейхан­ның осы сөзі – бодандық езгісін тартқан, жөн­сіз алым-салық төлеген, рухани мешеу, не ғылымы, не ілімі жоқ, жаһандық өркендеу мен даму көшінен қалыс қалған еліне азат­тық жолын жақындатқан, бостандық таңын атырған қуатты әрі жауапты сөз еді.
Уәдесіне берік болған ердің өміріне қатысты тағы бір маңызды оқиғаны айту парыз. Бірінші жаһан соғысы басталып, Ресей империясы абдырап, ІІ Николай 19-43 жас аралығындағы ер азаматтар соғысқа алынсын деп атақты «Июнь» жарлығын шығарған кезде қазақ қоғамы дүрлігіп, оқымаған қараңғы ел соғысқа барып өлгенше, жарлыққа қарсы шығып өлеміз деп жер-жерде көтеріліс ұйымдастырып жатқан-ды. Жалаң қылыш, құр садақпен ғана күреске шыққан қазақтың аянышты хәліне жаны ашыған Әлекең «Қазақ» газеті арқылы қайта-қайта отты сөзін жеткізіп, «елді босқа дүрліктірмей, майдан даласына барайық, әскерді өзім бастап барайын, кепілдік беремін» деді.

Сөйтіп, Күнбатыс майданы, сонау Минск даласына қазақтың жасағы соғысқа аттанды. Әлихан Бөкейхан қасына серіктерін де ерткен. Олардың арасында оқыған дәрігер, сауатты мұғалім, дін білімін тауысқан қарилар да бар еді. Бұлар – арнайы жасақ. Оқымаған, шала сауатты қазақ әскеріне бас-көз болып, туыстарына хат жазып, «Қазақ» га­зетіне штабтан хабар беріп тұратын соғыс да­ласындағы өкілдер еді.

Күнбатыс майданына бара жатқан қа­зақтың бұрын-соңды өзінің туған жері мен ауыл-аймағынан алысқа ұзап шы­ғып көрмеген жастарына (әскеріне) үнқағаз (листовка) тараттырды. «Көбің әлі жассың­дар. Біздің ақылымыз: мұндағы маржаларға [жезөкшелер – Ә.Б.] жолай көрмеңдер. Мұнан құ­тылудың бір шарасы – шаршағанша жұ­мыс қылу. Өздеріңді өздерің билей алмасаң­дар, ауру жұқтырып, бірінші өздерің қор бола­­сың­дар, екінші – елге, үйлеріңе алып қайта­сың­дар. Білесіңдер, біздің елде доктор кем, ауруды жайып, елдің елдігін кетіресіңдер. Мұны ойлаңдар. Халқымыздың гүлі, үміті сен­дерсіңдер», – деп жанашырлықпен әр сар­базға жеке бас гигиенасы, тазалық пен са­лауат­ты өмір салты туралы айтқан. Міне, ел­шіл перзенттің сөзі! Әр жауынгер үшін өз ба­сын кепілдікке қойып, дүйім жұртқа уәде бе­ріп, майдан шебіне өзі бірінші болып ба­рып еді. Соғыстан соң, өзі жетекшілік еткен әскердің тең жартысын аман-есен елге жет­кіз­ген болатын.

Әлихан – Алланың хикметін сезген, Құран сөзін білген және халқын шек­сіз сүйген сойы бөлек жігіт сырттаны. Ойы­мыз­ды жинақтай келгенде айтарымыз – бүгінгінің я ертеңгінің жігіттері Әлихан Бө­­­кейхан және оның үзеңгілес серіктері сияқ­ты Алланың сөзін шын ұғынған, уәде­сіне берік ерлердің сапынан болайық! Себебі Алла Тағала: «Уәделеріңе берік болыңдар, сон­да мен де өз уәдемді орындаймын» («Ба­қара» сүресі, 40 аят) деген.

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *