Жақында қаламыздағы тарихи-өлкетану мұражайда «Тау-кен шебері» Рудный қаласының Құрметті азаматы Әлсабыр Дәрменбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай көрме ұйымдастырылды. Көрмеде комбинат ардагерінің ерен еңбегіне байланысты материалдар мен суреттер қойылған.
Әлсабыр Дәрменбаев есімі ССКӨБ және қала тарихының бетінде алтын әріптермен жазылды. Оли Сарыбай карьері тарихындағы алғашқы кен шебері болды. Оның комбинаттағы еңбек жолы 1956 жылы 26 шілдеде басталған. Бүгінде Әлсабыр Дәрменбаевтың туғанына 90 жыл толды.
«Әлсабыр Тұрғанбайұлы Дәрменбаев – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген кеншісі, Еңбек Қызыл Ту және Құрмет ордендерінің иегері, үш дәрежелі Кенші Даңқы белгісі, комбинат ардагері, Қостанай облысының және Рудный қаласының Құрметті азаматы. Ол сол уақыттағы комбинаттың басқа да құрылысшыларымен бірге қиындықтарды басынан өткерген. Тау-кен шебері өзінің іскерлік қасиеттері мен мінезінің арқасында жақсы мансапқа ие болды. Тарихқа көз жүгіртсек, Әлсабыр Тұрғанбайұлының көшбасшылық қасиетке ие мықты адам болғанын аңғаруға болады. Оның тікелей қатысуымен ССКӨБ ардагерлер кеңесі құрылды. Дәрменбаев кеңесті он жылдан астам басқарған», – дейді Рудный тарихи-өлкетану мұражайының әдіскері Мансұр Ибрагимов.
Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, республикаға танымал металлургтың ұлдары да әке жолын қуып, өздерінің еңбек жолдарын соның өнегесі бойынша бастаған.
Көрмеде Әлсабыр Дәрменбаевтың өмір жолынан сыр шертетін мақалалар мен «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған ерен еңбегі үшін» медалі қойылған. Қызығушылық танытқан жандар үшін қалалық мұражайдығ есігі қашан да ашық.
Зерде Жеңіс