Қашарлық отбасы жайлы жазба
Үшқұдықтан басталған өмір жолы бүгінде Рудный мен Қашардың тыныштығында ұрпақ өсіріп, ынтымақтың үлгісін көрсетіп отырған отбасының шежіресіне айналған. Бұл Лаура Күшекбаева мен оның отбасына тиесілі қарапайым, бірақ жүрекке жылы әңгіме.
Бір отбасының тағдыры бүтін бір қоғамның айнасы. Қарапайым қазақ шаңырағында өсіп-өнген, дәстүр мен тәрбиеге адал Лаураның әңгімесі сондай шынайы өмірдің көрінісі.
− Мен 1995 жылы Авангардтағы 10-11 сыныпты оқуға бардым, – деп бастады сөзін Лаура Алтынбекқызы. 11-сыныпта қазіргі жарыммен танысып, 2002 жылы тұрмысқа шықтым. 2003 жылы Үшқұдық қаласында тұңғышым Балкүністі дүниеге әкелдім.
Отбасындағы жылылық пен баланың тәрбиесін бірінші орынға қойған Лаура 2007 жылы екінші қызы Балжанның, 2013 жылы Аяарудың, 2015 жылы кенже ұлы Арнардың өмірге келуімен бақыттың шырайын арттырды. Бүгінде төрт баланың анасы. Әрқайсысы отбасына медет, қоғамға үміт.
− Қазір қызымыз Балкүміс 11-сыныпты тәмамдап жатыр, қызыл аттестат алғалы отыр. Үшеуі де үздік оқушылар. Ұлымыз да өсе келе мықты азамат боларына сенеміз. Сабақтарына көмектесеміз, кеңес айтамыз. Ешқашан дауыс көтермейміз, тек сөзбен түсіндіреміз, – дейді Лаура. − Ата-енем мені жақсы қабылдады. Енем үнемі ақылын айтып отырады. Бір-бірімізбен келісе отырып шешім қабылдаймыз.
Отағасы Мақсатжан Бақытбекұлы отбасының негізгі тірегі. Лисаков маңындағы КГРУ мекемесінде еңбек етеді. Кезекпен жұмыс істеп, әр 15 күн сайын үйге оралады.
− Күйеуімнің де бала тәрбиесінде алар орны ерекше. Жұмыста жүрсе де, балалардың халі, сабағы жайлы үнемі сұрап отырады. Бір-бірімізге арқа сүйеп, ынтымақпен өмір сүріп келеміз, – дейді Лаура.
Отбасының үлкені Балымша Сайрамовна, бүгінде бір әулеттің ұйытқысы. Балаларының, келіндерінің барына шүкіршілік етіп, үлкен шаңырақтың берекесін сақтап отырған ардақты ана.
− Менің бес балам бар, Мақсат екіншісі. Алғашқы келінім осы Лаура болды. Артынан үш келін түсті. Қазір үлкен немерем мектеп бітіруде. Бір үйде сыйластық болса, бәрі орнына келеді. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солайжүреді» деген дана сөз бар. Лаураның жолын кейінгілер жалғап келеді, – дейді ол.
Сөзінен-ақ көпті көрген, көпті түйген ананың парасаты байқалады. Немерелердің бірлігі мен бауырмашылдығы да осы тәрбиенің жемісі.
Бұл отбасы бүгінде Қашар кентінің төрінен орын тепкен, қарапайым, бірақ өнегесі мол әулет. Шет елден басталған тағдыр жолы туған жерде жалғасып, жаңа өмірге бейімделген.
− Қазақстанға 2010 жылы көшіп келдік. Рудныйдағы 7-ші мектеп жаңа ашылған болатын, Балкүністі сонда бердік. Кейін үй алып, Қашарға көшіп келдік. Осы жерде бәріміз орнығып, тұрақтадық. Қашар маған ұнайды, өкінбеймін, – дейді Лаура.
Төрт баланың тәрбиешісі, бір әулеттің келіні, жолдасының тірегі болған Лаура қарапайым қазақ әйелінің бейнесі. Бүгінде үлкен қызы мектеп бітіріп, ұлы ер жетіп келе жатқан шаңырақта қуаныш пен татулық қатар өріліп келеді.
«Сыйластық пен сабыр болса, отбасы бұзылмайды» – дейді отбасы мүшелері бір ауыздан. Осындай әңгімелер қоғамымыздың тірегі, болашаққа сенім беретін үлгі.
Жанарай
РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген автор