«Өйткені, отбасы жүректің мекені….»

Тәрбие мен тағылымның тірегі болған тату отбасы туралы

Бірлік пен сыйластық олардың өмірлік ұстанымы. Мына жазбаның себепкері әрі шабыт көзі — Түменбаевтар отбасы. 13 жыл бойы жұдырықтай жұмылған жанұя қазіргі таңда «Мерейлі отбасы»байқауына қатысып, жүлдеге иеленуді көздеп отыр.

Берекелі отбасының негізін қалаған қос жан сонау 2008 жылы ортақ достарының туған күнінде танысқан. Жастардың таныстығы әрі қарай достықтан махаббатқа, бүгін міне, сол ыстық махаббаттан жарасым тапқан жанұяға айналып отыр. Отбасының ұйытқысы, 3 баланың анасы – Түменбаева Әсем Абзалқызы Рудный қаласы әкімдігінің “Қалалық тілдерді оқыту орталығы” КММ басшысының орынбасары. Осы уақытта ол өз жұмысын жауапкершілікпен атқара отырып, отбасын назарынан тыс қалдырған емес.

«Отбасым менің тірегім , әрі басты құндылығым. Біз үйде 5 адамбыз. Отбасымызда екі қызымыз және ұлымыз бар. Осындай жылы күндері табиғат аясында, бәріміз бірге уақыт өткізуді жақсы көреміз. Әр кезде бір-бірімізбен жылы әңгіме айтып, демалып отырамыз. Жолдасым отбасының тірегі, нағыз жауапкершілігі мол азамат. Ол құқық қорғау саласында, нақтырақ айтқанда Полиция басқармасында қызмет атқарады. Күн — түн демей, ел тыныштығы үшін еңбек етеді, біз оны мақтан тұтамыз», — деп Әсем сезімін жеткізді.

Түменбаевтар отбасының қамқоры, асқар тауы – Түменбаев Мендібек Кенжеғазыұлы. Ол қауіп пен қатерді кәсіп еткен азамат, Қостанай облысы Полиция Департаментінің Рудный қаласы Полиция Басқармасының рота патрульдік полиция аға инспекторы, полиция капитаны. Сұхбат барысында алғашқы таныстық туралы, жұбайына деген ақ сезімін салмақты, сыпайы үнмен ойын қысқа қайырып, сабырлы мінезін аңғартты.

«Әйелімді бірінші көргеннен ұнаттым. Қазақи сұлу, ақылды, Торғайдың, өзіміздің қызымыз. Мінезі сабырлы, сол себептен ұнаттым. Досымыздың туған күнінде көрістік, таныстық. Үйіне шығарып салып, ұнатқаным туралы айттым. Әр адам үшін бұл өмірде ең маңыздысы — отбасы, оларды бақытты қылу деп ойлаймын. Отбасым — бар байлығым өмірде », — дейді Мендібек Кенжеғазыұлы.

Үш көбелекті тәрбиелеп отырған Әсем мен Мендібек әр баласының жетістігін ерекше ілтипатпен, мақтаныш сезімімен баяндады.

«Үлкен қызымыз 13 жаста. Ақылды, тәрбиелі, сіңілісіне әрдайым үлгі болуға тырысады, үй шаруасына көмектесіп, бізге қолтабыс етеді. 8 жастағы ұлымыз бар, қазіргі уақытта Астанада жазғы демалысын өткізіп жүр. Ол нағыз жігерлі, еңбекқор бала. Спортпен айналысқанды, әсіресе жекпе-жек спорт түрін ұнатады. Жарыстарға қатысып бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Біз оның табандылығына , күш-жігеріне қуанып, әр жетістігін отбасымызбен бірге атап өтеміз. Кішкентай қызымыз 3 жаста, еркелігімен бәрімізді қуантады. Оның әрбір күлкісі біздің үйіміздің сәні мен шуағы. Отбасы — мен үшін ең басты байлық. Біз үшін осындай қарапайым, бірақ мағынасы терең сәттер өте қымбат. Өйткені, отбасы жүректің мекені, сүйіспеншілік пен сенімнің қайнары», — деп толықтырды жұбайы Әсем.

— Бақытты отбасылық өмірдің басты құпиясы неде деп ойлайсыз?

— Ең бастысы — сыйластық. Қанша жыл өтсе де, бір-біріңді жақсы көру, сүйе білу маңызды. Міндетті түрде сыйластық, төзімділік болу керек. Мерейлі отбасы атағы — өзімізге де, айналамызға да дәлел: жасымызға қарамастан біз соған лайықпыз. Бірге 13 жыл өмір сүріп келеміз. Жолдасымның ең ұнаған қасиеттері — сымбаттылығы, спортқа жақындығы, адамгершілігі мен романтик жағы. Шүкір, 13 жыл өтсе де, достарымыз да, туыстарымыз да куә — махаббатымыз сөнген жоқ. Ол әлі күнге дейін гүл сыйлап, кездесулер ұйымдастырып тұрады. Бала бар деп, бір-бірімізді ұмытуға болмайды, керісінше қамқорлық керек, бір-бірімізге көп көңіл бөліп, уақыт өткізуіміз қажет,- дейді Әсем Түменбаева.

Махаббат отын сөндірмеген бұл жанұя барлығымызға үлгі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, балалардың нағыз қоғам азаматы болып өсуі – отбасындағы көрініске байланысты. Шаңырағында татулық пен махаббат салтанат құрған Түменбаевтар әулеті береке-бірліктің, шынайы сезімнің айғағы.

 

Жанарай

РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген

Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *