Өнегелі өмір иесі

Жақсы адам күн секілді үнемі айналасына нұр шуағын таратып жүреді. Сондықтан да, қазақ атамыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп олардың жақсы қасиеттерін өзгелерге үлгі-өнеге ретінде айтып, дәріптеп келген. Осы жақсылар қатарынан табылып жүрген қарапайым қазақтың қызы, ақ жаулықты батыр ана, он саусағынан өнері тамған өнегелі әже, күміс көмейлі дарынымен жастарға үлгі болып жүрген ұстаз — Баймурзенова Муслима Нұрғалиқызы жайында сөз еткелі отырмыз.

Муслима Нұрғалиқызы – 1949 жылы 13 қаңтарда Қарағанды облысы Теміртау қаласында дүниеге келіп, кейінірек сол өңірдегі Ұзынкөл ауданының Абай ауылында 1956-1965 жылдар аралығында орта мектепті оқып тәмәмдаған. 1967 жылы өмір жолдасы Баймурзенов Құлмұхамбет екеуі шаңырақ көтеріп, әрі қарай «Отбасы» деп аталатын үлкен институтты жалғастырады. Отбасында 6 ұл, 1 қыз тәрбиелеп жеткізген. Бүгінгі таңда 14 немере, 2 шөберенің асыл әжесі.

2001 жылы Абай ауылынан Рудный қалашығына қоныс аударады, 45 жасында зейнетке шыққан батыр ана балаларын баптап әрі қарай жетілдіру үшін жолдасымен бірге тынымсыз еңбекке араласады. 2005 жылы тағдырдың жазуымен жолдасынан айырылып қалғанына қарамастан, араға 4-5 жыл салып, құрбысының ұсынысы арқылы қалалық «Жадыра» ансанбліне мүше болады. Сонымен қатар «Қазақ аналары — Дәстүрге жол» қоғамдастығының, «Әжелер» хоры ұйымдарында да белсенді қатысушылар қатарынан алған өзіндік орны бар. Өзінің бос уақытынан барынша тиімді пайдаланып, мектеп оқушыларына арналған түрлі іс-шараларға киетін ұлттық нақыштағы костюмдер, әжелерге әсем кимешектер тігумен айналысады. Осылайша, Муслима Баймурзенова өмір жолындағы тынымсыз жасаған еңбегінің арқасында 2015 жылы «Жыл әйелі» атағына ие болған сәттін айтып, күлімсіреп еске алады.

— Кейде қолыма қалам ұстайтыным бар. Жалпы ақындық қабілет «Жадыра» ансанбліндегі Айя София апайымызға деген ыстық ықыласымды өлең жолдарымен жеткізгенімнен басталған десем болады. Одан әрі қарай қоғамда орын алып жатқан жағдайларға, өмір ағымдарына байланысты түрлі тақырыптарда жиі өлеңдер жазып тұрамын,-деп бөлісті өнерлі жан.

Қазіргі таңда батар ананың жеткізіп баптаған перзенттері өмірден өз орындарын тауып, әрқайсысы мамандық иеленіп, мемлекеттік мекемелерде қызметтер жасап келуде. Бойына қаншама қабілет пен дарынды, жігер мен қайратты сыйдырған Муслима Баймурзенова жасы 76 таяп қалды. Ол өзінен кейінгі буындарды, соның ішінде жастарды қандай мамандық иесі болса да, өздерін шыдап жетілдіруде барынша белсенді болуға шақырады. Оның айтуынша, қазақтың қыз-келіншектері бойындағы дарынын оятып, қоғамға пайдалы істермен айналысып, әр қадамда салт-дәстүрімізді насихаттап жүрсе белсенді жастардың қатары күн сайын көбейе бермек.

 

Салтанат ҚАДЫРҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *