Өнерге баулыған ұстаз

Қашарлық Айгүл Әбдірахманова ұстаздық жолындағы табысқа жету сырымен бөлісті

Ұстаздық — тек бір мамандық қана емес, адамға өмірлік бағдар беретін, тұлғаны қалыптастыратын ұлы жол. Мектепте балаларға білім мен тәрбие беру, сонымен қатар өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру — осының бәрі ұстаздың қолында. Міне, осындай ұстаздардың бірі — Қашар кентіндегі Әлихан Бөкейханов атындағы мектептің музыка пәнінің мұғалімі, әрі «Юность» мәдениет үйіндегі көркем өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі Айгүл Әбдірахманова. Оның ұстаздық жолы 2010 жылдан бері басталып, талай шәкірттің жүрегіне өнерге деген махаббатты сіңіріп, көптеген жетістіктерге жетуге ықпал етті.

Айгүл Қуанышқызы, ұстаздық жолыңызда қандай жетістіктеріңізбен бөлісе аласыз?

— Ұстаздық мен үшін — тек қана мамандық емес, үлкен жауапкершілік. Мектепте 2021 жылдан бастап балаларға музыка пәнін үйретумен қатар, «Мұрагер» домбырашы ансамблін және «Кәусар» вокалдық тобын жүргізіп келемін. Осы уақыт ішінде көптеген шәкірттерім өнер байқауларында жеңімпаз атанып, облыс көлемінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде ансамблімде 40 домбырашы, вокалдық топта 6 вокалист қызым өнер көрсетеді. Олардың барлығы сабаққа үлкен сүйіспеншілікпен қарайды.

Сіздің шәкірттеріңіз өнерде өте жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Олардың алға ұмтылуы мен жетістіктеріне қалай әсер етесіз?

— Балалардың алға ұмтылуы мен үшін өте маңызды. Әр балаға жеке көзқараспен қараймын. Егер бала домбыра үйренуге қызығушылық танытса, оған барымды салып үйретемін. Кейбір балалар өте жылдам меңгереді, ал басқалары көп уақыт жұмсайды, бірақ олар да соңында өз нәтижесін көрсетеді. Мен олардың тек ән айтып немесе домбыра тартуды үйренуіне ғана емес, ең бастысы, өнер арқылы өмірлік құндылықтарды түсінулеріне де ықпал етуге тырысамын.

Осы үлкен еңбек жолында отбасыңыздың қандай рөлі бар?

— Отбасым мен үшін үлкен қолдау көзі. Менің жолдасым мен балаларым әрдайым мені қолдайды. Отбасымызда 5 бала. Екеуі студент, екеуі мектеп жасында және кенжесі балабақшаға барады. Үлкен қызым да домбыра тартады. Ал менің отбасыма айтар алғысым шексіз. Олар маған әрқашан күш береді, жұмыстарыма қатысты қолдау білдіреді.

Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

— Әрбір жаңа оқу жылы мен үшін жаңа бастама, жаңа мақсаттар мен жоспарлар әкеледі. Ұстаздық жұмыста басты мақсатым — шәкірттерімді үздік ету, олардың өнері арқылы дамуына ықпал ету. Оқыту барысында мен өзімді де дамытуға тырысамын, ал шәкірттерімнің жетістіктері менің ең үлкен қуанышым.

Қашар кентінде тұрып, өнер саласында осы жетістіктерге жеткеніңізге қалай қарайсыз?

— Қашар менің жүрегімде ерекше орын алады. Бұл жерге 18 жыл бұрын көшіп келсем де, еш өкінген емеспін. Осы жерде мен өз орнымды таптым, әртүрлі байқауларға қатысып, өнер саласында көптеген жетістіктерге жеттім. Кенттің өнерімен танысып, мұндағы адамдармен шығармашылық байланыс орнату мен үшін үлкен құрмет. Мұнда тұрғаныма ешқашан өкінген емеспін.

Әлихан Бөкеханов атындағы ұстаздар ұйымынан құралған «Әгугай» аспабтық вокалдық тобы туралы айтсаңыз.

— «Әгугай» тобы — Әлихан Бөкеханов атындағы ұстаздар ұйымынан құралған ерекше ұжым. Топтың мүшелері — менің әріптестерім, олар музыкалық аспаптарда ойнап, ән айтуда ерекше қабілеттері бар адамдар. Біз бұл топты тек шығармашылық мақсатта емес, сонымен қатар ұстаздар арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыру үшін де құрдық. Біз жиі мектеп пен мәдениет үйінің іс-шараларында өнер көрсетеміз, сондай-ақ мерекелерде, концерттерде қатысып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленеміз. Шәкірттерімді әрқашан осы топтың жұмысынан үлгі алып, өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттыруға тырысамын.

Айгүл Әбдірахманова өзінің қажырлы еңбегінің арқасында шәкірттерінің табыстары мен жеңістеріне куә болып, болашақта да ізденістерін жалғастыруда. Оның шығармашылығына деген ықыласы мен еңбекқорлығы көптеген жасты шабыттандырады.

 

Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *