Өнерлі арулар бақ сынасты

Шырайлы көктем мейрамы қарсаңында Би аға мектебінің қабырғасында «Өнерлі қыз, өнегелі ана» байқауы өтті

Бұл байқау бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қазыналарымызды қадірлеуге, жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге үндейді. Сайысқа қатысқан аналар қыздарымен қатар өз өнерлері, білімдері, тапқырлықтары және шеберліктерін танытып, сынға түсті. Алғашқы сайыста үміткерлер даярлаған тағамдарын қазылар алқасына дәм татқызып, жасалу жолдарын айтып берді. Сайыс кезінде таба нан, жент, ұйытылған айран, құрт көже, наурыз көже, шелпек және сары ірімшік секілді көнеден келе жатқан ұлттық тағамдар ұсынылды.

«Ауқымды іс-шара үндестік жобасы аясында өткізіліп жатыр. Мектебімізде «Ғазиз ана» мен «Сырғалым қыздар» клубы жұмыс жасайды. Ол жерде тек ұлттық кодты емес, ана мен қызы арасындағы жылулықты, махаббатты сақтауға, оны күшейтуге талпынамыз. Бүгінгі сайыстарда қарапайым қамыр жаюды, етті мүшелеп атауды үйренеді. Ұмыт болып жатқан салт-дәстүрлерімізді жаңғыртамыз. Әр айдың бейсенбі күнінде  бізде әке мен ұлы арасында жоба өткізілсе, ендігі уақытта нәзік жандыларға арналмақ»,-деп Қымбат Бірманова Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры түсіндіріп берді.

ІІ кезең «Кілем тоқу», «Қамыр жаю», «Құрақ көрпе құрау», «Құрт жасау» «Ұршық иіру», «Жүннен бұйым жасау», «Ет мүшелеу» сынды тапсырмаларды орындады.

Осы арқылы ұмытылып жатқан жүнді шүйделеу мен кілем тоқу сыңды өнер дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында ұлттық кодымызды сақтай отырып, аналар өнегесін жалғастыру болды.

«Болашақ ұрпақпен байланыс орнатуға, қазаққа тән қолөнерді, тамақ дайындауды үйрету мақсатында мектеп ұжымы қатысуға шақырғанына өз басым өте қуаныштымын. Қазір біз бағыт бойынша бекеттерден өтіп жатырмыз. Олардан сәтті өтіп, ұпайлар жинаймыз. Дәл осы мезетте қызым құрақ құрау өнерімен танысып жатыр»,- деп Нұрзат Енбергенова өз ойымен бөлісті.

Көрермендер анасы мен қызының бірігіп тапсырмаларды орындағандарына куә болды.

Біртұтас тәрбие бағдарламасындағы ұлттық құндылықтарға аса мән беру, атадан балаға мирас болған дәстүрді және өнегені дәріптеу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба айына бір рет жұма күндері өз жалғасын табады.

Жадыра ЕРТАЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *