Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызмет алушылары өз шығармашылығын көрсету үшін жиналды
Рудный қаласындағы №1, №2, №3 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының және Лисаковск қаласындағы №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушыларының кезекті кездесуі «Орбита» демалыс орталығында өтті. Бұл – биылғы жылы Рудный қаласында өткен екінші осындай мерекелік іс-шара. Алғашқы кездесу Астана күніне арналса, бұл жолғы бағдарлама Республика күніне арналып ұйымдастырылды.
Іс-шараның ұйымдастырушысы және бастамашысы Рудный қаласындағы №3 орталығының мәдени ұйымдастырушысы Светлана Зырянова болды.
– Біз «Өнеріміз саған, сүйікті Қазақстан!» ұранымен «Орбита» демалыс орталығында достық, шығармашылық толқынында жиналдық. Іс-шара шығармашылық қызметті дамытуға, сезіммен алмасуға, айналадағы адамдарға жағымды көзқарас қалыптастыруға, белсенді өмірлік ұстанымды насихаттауға бағытталған. Біз әрдайым бір-бірімізбен кездесуге қуаныштымыз. Достық құшақтар, шапалақтар, қолдау әрқашан бізге қажет әрі маңызды. Барлықтарыңызға жақсы көңіл-күй, сәттілік, қуаныш және туған Қазақстанымызға амандық тілейміз, – деп ашты іс-шараны Светлана Зырянова.
Әр орталық бес шығармашылық нөмір дайындады. Жалпы іс-шараға 70-ке жуық адам қатысты. Қатысушылар жақсы дайындалған, ең бастысы – өз өнерлерін көрсетуге деген үлкен ықыласпен қатысты.
Қызмет алушылармен жұмыс қалай жүргізілетіні туралы Рудный қаласындағы №2 орталығының музыка жетекшісі Мейрам Назарбаев айтып берді. Ол бұл қызметте тоғыз жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді және өз қызметіне өте риза:
– Әрине, дайындық барысында қиындықтар бар, өйткені адамдар ерекше қажеттіліктерді талап етеді. Оларды вокалға, кейде биге үйретемін. Біз жыл сайын байқауларға қатысамыз. Дайындық көп уақытты алады. Қолайлы репертуарды таңдаймыз. Кейде қызмет алушылар өз ұсыныстарымен келеді. Жоспарланғанның бәрін жүзеге асыра алмасақ та, жетекші ретінде әрдайым бағыт беріп, көмектесеміз. Музыкалық шығармаға байланысты оның дайындығы екі-үш күнге немесе тіпті бір аптаға созылуы мүмкін. Әр адамның қабілеті әртүрлі. Біреулері жылдам меңгереді, ал басқаларына көбірек уақыт қажет. Кейбіреулері вокалдық дарынымен ерекшеленсе, кейбіреулерінің әншілік есту қабілеті жақсы, ал тағы басқаларының хореографиясы жақсы дамыған. Қатарда көптеген белсенділер бар. Байқауларға бір топ қатысушы қатысса, ал орталықтарда басқалары өнер көрсетеді. Шын мәнінде, өнер көрсеткісі келетіндердің бәрі қатысады. Кейде театр қойылымдарын қоямыз, өзіміз костюмдер тігеміз, оларды сатып алу әрдайым мүмкін бола бермейді. Бүгінгі бағдарламамен бұған дейін де өнер көрсеткенбіз. Сәл өзгерістер енгіздік. Олардың бір нәрсе жасағысы, ән айтқысы, шығармашылықпен айналысқысы келгені маған ұнайды. Адам шын жүректен ниеттенгенде, оған көмектескің келеді, бірге жұмыс істегің келеді. Ал оларда ынта бар!
Мейрам Назарбаевтың айтуынша, түрлі іс-шараларға ең белсенді түрде қатысатындар – жігерлі жастар. Барлық қызмет алушылар кәсіптік мерекелерге бірге дайындалады. Ал «Жаңа жыл» – мүлдем бөлек тақырып, бұл мерекеге жаңа нөмірлер дайындалады.
Бұл кездесуде қатысушылар жақсы көңіл көтеріп, бір-біріне күлкі сыйлап, мол жағымды эмоция жинады. Қоштасу – өмірдегі ең қайғылы сәттердің бірі. Біздің жағдайда бұл жаңа кездесуге жақсылап дайындалып, келесі жолы бір жаңалық көрсетуге мүмкіндік береді.
Айым МЕРГЕН,
суретті түсірген Султан СЕРТАЕВ