Өрт сөндіруге дайынбыз ба?

Рудный қаласындағы өрт сөндіру бекетіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды

Іргетасы 1960 жылы қаланған мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі — қаладағы жалғыз типтік жобамен салынған орталық. Осы уақытқа дейін бұл ғимаратқа бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Соңғы екі жыл ішінде ғимаратты әкімдік балансына өткізу жұмыстары қолға алынған болатын. Соның нәтижесінде ғимараттың қасбетін жаңарту жұмыстары басталды. Бұған дейін терезелері толық ауыстырылды, шатырының да көп бөлігі жаңартылды.

«Қазіргі уақытта біздің өрт сөндіру техникалары тұратын гараждар аймағында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сыртқы келбетті қалпына келтіргеннен кейін ғимараттың ішкі бөлмелерін жөндейміз. Қабырғалардың түсін жаңартып, жарық нүктелерін жаңартамыз. Барлығы заманауи стандарттарға сай болуы тиіс. Бұл жөндеу жұмыстары өрт сөндірушілердің жағдайын жақсартып, сапалы, заманауи жұмыс орнында еңбек етуге мүмкіндік береді. Ауқымды жоспар аясында ішкі бөліктің барлығы жаңаша кейіпке енеді. Барлық кабельдер алмастырылады. Санитарлық тораптар да жаңартылады, қосымша екі душ кабиналары орнатылады. Бұл — жеке құрамның жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынған шара»,- деп атап өтті Рудный қаласының ТЖБ мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғаныс капитаны Ерлан Галеев.

Ғимараттың сыртқы беті металлмен қапталады. Бұл материалдар ТЖМ бекіткен түстерге сәйкес: сұр, қызыл, кей жерлерінде сарғыш түстер қолданылады. Қасбеті толықтай жаңартылады. Ғимараттың ішкі құрылымы қатты өзгермейді, тек жақсартылып, жаңартылады. Жарты ғасырдан астам жөндеу көрмеген нысанда көптеген құрылымдар тозған. Бұған дейін өз күштерімен жылыту қазандықтары ретке келтірілген, кейін электр желілері ауыстырылған. Енді міне, толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта өрт сөндіру бекетінің көлік тұрағында жөндеу қызу жүріп жатыр. Едені толық алынып тасталып, 40 см-ге дейін төмендетілген. Бұрын кейбір биік көліктер ғимаратқа кіре алмайтын.

 «Бұрын биік көліктерді тек төбесі биік гараждарға ғана орналастыратынбыз. Дабыл соғылғанда артқы есікке қарай жүгіріп шығатын едік. Енді бұл көліктерді алдыңғы жақтағы шығу аймағына қоюға болады. Бұл еденді тереңдетудің арқасы. Соның нәтижесінде шақыртуға шығу уақыты едәуір қысқарады», — дейді Ерлан Галеев.

Ғимарат айналасы жаңбыр мен қар суынан қорғану үшін бетонмен нығайтылып жатыр. Ескі суағарлар алынып тасталды, орнына жаңалары қойылады. Қабырғадағы сызаттар мен сылақ түскен жерлер жөнделді. Енді сыртын металмен қаптау жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қазіргі сыртқы жөндеу жұмыстары аяқталған соң, бөлінген қаржы есебінен ішкі жөндеу жұмыстарына кірісіледі.

«Өткен жылдың қараша айында өрт сөндіру бекетін Рудный қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің балансына өткіздік. Содан кейін олар конкурс жариялады. Жергілікті мердігер ұйым конкурсты жеңіп алып, 32 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл сома қасбетті жөндеуге және гараждарды қалпына келтіруге бағытталған. Кейін ішкі жөндеуге сметалық құжаттар дайындалады», — дейді мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы.

Қазіргі уақытта бекетте 81 адам қызмет атқарады, 14 бірлік техника бар. Олардың алтауы — негізгі, үшеуі — арнайы көлік, қалған бесеуі — көмекші техника. Алты негізгі техниканың төртеуі — жаңа. 2019 жылдан бастап жаңа көліктер беріліп жатыр, арасында КАМАЗ, кран сынды техникалар бар. Сонымен қатар 2001 және 1984 жылғы көліктер де әлі пайдаланылады.

Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшыысның айтуынша, қазіргі таңда бөлімге екі маман қажет. Өкінішке орай, осы қызметке қызығушылық білдіріп, нақты келіп жатқан үміткерлер саны аз. Әсіресе жүргізушілер қажет, алайда бұл лауазымда тұрақтамай, келіп-кетіп жататындар көп.

«Біздің қызметке 35 жасқа дейінгі ер азаматтар қабылданады. Үміткер әскер қатарында болып келген болса, орта техникалық білімі болса немесе «В» және «С» санатындағы көлік жүргізу куәлігі бар болса, жұмысқа қабылданады. Бұл қызметтің жауапкершілігі өте жоғары. Өрт сөндіру саласында әр қызметкердің әрекеті адамның өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір маманнан тәртіп, ұқыптылық, жылдам әрекет ету қабілеті мен ұжыммен үйлесімді жұмыс істей білуі талап етіледі. Әсіресе жүргізуші ретінде өрт орнына дер кезінде жету, техниканы дұрыс басқару және қауіпсіздікті сақтау – негізгі міндеттердің бірі. Жалақы мәселесіне келсек: алғашқы жылы еңбекақысы шамамен 200 мың теңгеге дейін болады. Кейін қызметкердің тәжірибесіне байланысты жалақысы өсіп отырады. Әр жылы маман өзінің біліктілік класын көтеріп отырса, жалақысына 10 пайыздан бастап қосылады. Уақыт өте келе бұл өсім 30 пайызға дейін жетеді. Әрине, бұған белгілі бір тәжірибе мен уақыт қажет»,- деп атап өтті бөлім басшысы.

Жөндеу жұмыстарына қарамастан, өрт сөндіру бекеті өз жұмысын толық көлемде атқарып жатыр. Барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары күз мезгіліне дейін толық аяқталуы тиіс. Жөндеу жұмыстарына қарамастан, өрт сөндіру бекеті өз жұмысын толық атқаруда.

 

Қуаныш БИАХМЕТ,

суретті түсірген

Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *