Батылдылықты мен жау жүректілікті қажет ететін ең қауіпті мамандық иелері – өрт сөндірушілер. Олар үнемі өмір мен өлім арасында арпалыста жүреді. Олардың арқасында күнделікті қаламызда талай адам өлімнен, қиын жағдайлардан аман қалып жатыр.
Өрт сөндірушілердің бір күндік өмірі қалай өрбитінін біліп, танысып қайту мақсатында Рудный қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барып қайттық.
Оранған отқа, қарғын суға түсіп адам өміріне араша болуда алғашқы көмек көрсететін құтқарушылардың әрбір еңбегі ерлікпен тең. Өз кәсібін абыройлы да жауапты мамандық деп санайтын біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз осындай қауіпке толы мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.
Жиырма жеті жастағы жалынды Абылай Мүбәрак бала кезінен өрт сөндіруші болуды армандаған. Оған түрткі болған әкесінің ТЖ басқармасындағы адал қызметі. Сол кездері әкесінің бойынан өзгенің өмірі үшін жан қиюға дайын тұратын қайсарлық пен ерлік, оған жалғасып келеді. Мектеп қабырғасында нақты шешім қабылдап, оқу орнына түсу үшін дайындықты бастаған. Ең басты- ол физикалық дайындық. Оқушы кезінде өрт сөндіру — құтқару спортының майталманы атанды.
– Мен азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжiнде өз мамандығым бойынша 3 жыл оқыдым. Содан соң әскерде өз борышымды өтеп шықтым. 6 жыл бұрын Рудный қаласына жұмыс бабымен ауысып келдім. Өрт сөндіруші кәсібі басқа қызметтерге қарағанда өте жылдам әрекет етуді талап етеді. Себебі, дабыл түскеннен кейін арнайы киімдерді киіп, өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына шығу үшін 1 минут ғана уақыты бар. Оқиға орнына келгеннен кейін өрт сөндірушілер өрт орны мен таралу аймағын анықтайды, өрт сөндіру түтік құбырларын дайындап, 1-2 минут ішінде сумен байланыстырады. Шағын өртті бірнеше минутта сөндіруге болады, ал, кей кездері сөндіру жұмысы тәулік бойына жалғасып қана қоймай өзгелерді құтқару барысында өрт сөндіруші өз өміріне де қауіп төндіреді. Әрине, физикалық дайындалған адам баспалдақты қолдануды, жүгіріп, секіруді, ауыр заттарды көтеруді үйрене алады. Бұдан бөлек өрт сөндірушілерге газ түтінінен қорғау құралдарын қолдануды, қатты түтіндеу жағдайында іс-қимыл жасауды үйретеді.
– Жұмыс барысында есіңізде қалған оқиға туралы айтып бересіз бе?
– 2020 жылы автобус паркі жанған сәт әлі көз алдымда. Сол кезде түнгі 00:03 уақытында қоңырау түсті. Екі көлікпен оқыс болған жерге дереу жеттік. Бірнеше автобус қызыл жалын қаптап жанып жатты. Ал жанармай багы температураның жоғарлауынан жарылды. Бұл ауқымды өрт болды, себебі үлкен аумақты алып 11 автобус түгелдей өртке оранды. Сондай-ақ, бөлімше өткен жылы Аманқарағай орманында болған өрт кезінде де көмек көрсеттік. Табиғаттың әсемділігі жойылып бара жатқанын көру ауыр болды. Өрт сөндірушінің ең басты екі қасиеті ол – жоғары жауапкершілік пен өжеттілік. Осындай қызметте жүрген соң, түрлі жағдайлар орын алып жатады. Сондай сәттерде психологиялық және физикалық тұрғыда мықты болу да әрбір қаһарманның міндеті.
Келесі кейіпкеріміз Абылай Ерназаров алғаш қызметіне 2016 жылы аяқ басқан. Өзі Арқалық қаласының тумасы. 2019 жылы отбасымен Рудный қаласына көшіп келді. Қызмет атқару кезінде өзін кәсіби сауатты және жауапкершілігі мол маман ретінде көрсетуде. Оның айтуынша, негізгі мақсат адам өмірін аман алып қалу, ал содан соң ғана материалдық заттар.
– Алауалап тұрған жалынға әркім өз білгенінше су шашу — бұл өртті ауыздықтай алады деген сөз емес. Өрт сөндіруді ұйымдастырудың да өзіндік жүйесі бар. Қандай жағдайда көбік, қай жеріне су шашу керектігін, жанып жатқан нысанға су шашуды әуелі қай жерінен бастау қажеттігін аға өрт сөндірушілер жедел түрде кеңесіп әрекет жасайды. Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Ал, алауды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз – бірлікте. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн.
Абылай Ерназаровтың сөзінше, ұжым тек алаулаған оттан ғана құтқарып қоймай, өзіндік күнделікті іс-шараларын орындайды. Күн тәртібіне сәйкес күннің бірінші жартысы күнделікті оқу-жаттығуларынан бастау алады. Арнайы форманы аз уақытта кию, денеге арналған жаттығуларды орындау, ережелерді еске алу. Түстен кейін қаланы аралап, обьектілерді тексереді. Ең соңында барлық техника, құрал-саймандарды тазалап, дайындап қояды.
– «Әке көрген оқ жонар» демекші, бұл саланы Альтаир ұлым да таңдап отыр. Қазіргі таңда ұлымды осы мамандыққа, оқу орнына дайындап жатырмын. Оның қалауын мен қолдадым, ерлік жасап, бар жауапкершілігімен атқарған жұмыс әрқашан мадақталады.
Сания САКТАГАН