2020 жылдан бері еліміз ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 тамызда ұлы ақынның туған күнін мереке ретінде атап өтеді. Абай Құнанбайұлы ғұлама ғалым, ойшыл ақын, ағартушы ұстаз ретінде ұлтымыздың тұғыры биік мақтанышы. Абай – дала философы. Абай шығармашылығы әлемдік туындылар қатарында орын алған халқымыздың баға жетпес мұрасы мен рухани азығы.
Абай күні ретінде 10 тамыздың белгіленуі бекер емес. Ғылыми ортада ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа болғанымен, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлының туған күні ретінде таңбаланып келді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы дата күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілген.
«Абай – қазақтың төлқұжаты» деген қанатты сөз біртіндеп шындыққа айналып келеді. Ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында 2020 жылы әлемнің 70-ке жуық елінде Абай тойына арналған 250-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды.
Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комиетінің деректері бойынша, 2020 жылы Абайдың толық шығармалары әлемнің 10 тіліне, атап айтсақ, француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс, италиян тілдеріне аударылып, басылған. Аударманың әрқайсысы 3 000 данадан кем болмауы ескерілген. Оның сыртында Бельгия, Сингапур, Эфиопия, Болгария, Чехия, Монғолия, Грузия, Түркия, БАӘ, АҚШ, Мысыр, Пәкістан, Мажарстан, Иран, Үндістан, Малайзия, Литва елдерінде ойшылдың атындағы орталықтар мен клубтар, ақын ескерткіші мен саябақтары ашылды.
Ақынның азан шақырып қойған аты – Ибраһим. 1845 жылы қазіргі Абай облысының Абай ауданындағы Қарауыл ауылында дүниеге келген. «Сегіз аяқ» дейтін толғауында өз айтқандай, Құнанбайдың Ұлжан атты әйелінен тараған төрт баланың екіншісі осы Ибраһим еді. Оның өз кіндігінен Ақылбай, Хакімбай, Əбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан, Турағұл, Мекаил, Ізкаил, Кенже есімді балалар тараған. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен екінші дүниежүзілік соғыс Абай әулетінің де шаңырағын ортасына түсіріп кетті деуге болады. Қазақтың шежірені ұл баламен тарататынын ескерсек, ашық көздердегі дерек бойынша, ойшылдың тұңғыш ұлы Ақылбайдан тараған бесінші буындағы ұрпағы Данияр Ақылбаев қазір Алматыда тұрып жатыр. Дана, Кәмила, Меруерт деген перзенттері бар.
Ақылының толысып, абыройының кемеліне келген шағында Абай билікке араласып, 1875-78 жылдар аралығында болыстық құрғаны тарихтан белгілі. Артында, жүздеген өлеңі мен ондаған әні, поэмалары мен 50-ге жуық «қара сөзі» қалды.
Орыс әдебиетінен Пушкин мен Крыловты, Батыс әдебиетінен Гете мен Байронды аударды. «Масғұт», «Ескендір» поэмаларын оқыған адам ақынның Шығыс әдебиетінің жауһарларымен етене таныс болғанына көз жеткізеді. Батыс пен Шығыс әдебиетін тел еміп, одан алған азығымен қазақ әдебиетін байытқан ойшылды ұлт руханиятының реформаторына теңейтіндер бар. 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай шығармалары француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс, италиян, грузин, иврит, қырғыз, малай, моңғол, нидерланд, португал, украин, өзбек, хинди тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып шықты. Республика бойынша 31 елді мекен, 1300-ге жуық көше мен даңғыл, 100-ден аса білім мекемесі ойшыл ақынның есімімен аталады.
Мереке қарсаңында ұлы ақынның қазақ халқы туралы қара сөздерінен қысқаша үзінділер:
Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. (Абайдың он төртінші қара сөзінен)
Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. (Абайдың жиырма алтыншы қара сөзінен)
Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен, не жерлеп, не сырлап айтқанменен еш нәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап тұрады. (Абайдың қырық бірінші қара сөзі)
Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. (Абайдың қырық екінші қара сөзі)
Аякөз ҚОЖАБЕКОВА