2024 жылда 14 391 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 142,7 мың этникалық қазақ оралды
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,8 пайызы Қытайдан, 39 пайыз – Өзбекстаннан, 5,9 пайыз – Моңғолиядан, 5,2 пайыз – Түрікменстаннан, 2,9 пайыз – Ресейден және 1,2 пайыз басқа елдерден.
«1 қазандағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,6 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,1 пайыз және зейнеткерлер 9,3 пайыз болады.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,9 пайызы жоғары білімді, 24,4 пайызы орта кәсіби білімді, 54,4 пайызы жалпы орта білімді, және 3,3 пайыз білім жоқ», — делінген хабарламада.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған.
Сонымен қатар, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталған: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
«Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адам болады. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 477 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде».
Жыл басынан бері 2140 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 575 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданған. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызы немесе бір отбасына 4,28 миллион теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.