Алдағы жылы елімізде бірқатар өзгерістер болады. Жаңа бастамалар мен заңдар күшіне енеді. Солардың ең маңыздыларының бірі – Мемлекет басшысы Конституциялық заңға қол қойды.
Оған сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Президенттің өкілеттік мерзімі шектеліп, саяси партияға мүше болуы тоқтатылады. Сондай-ақ, жақын туыстарының саясатта және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызметтер атқаруына тыйым салынады.
Алдағы жылдан бастап Қазақстанда аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтетінін де айта кеткен жөн. Бұл өзгеріс басында пилоттық режимде іске қосылады.
Саладағы тағы бір өзгеріс – келер жылы жастарға жеңілдетілген несие беру басталады. Жеңілдетілген 2,5%-дық несие мөлшері – 5 млн теңгеге дейін. Берілу мерзімі – 5 жыл. Егер қарыз ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатында немесе ірі қара мал, жылқы асырау үшін алынса, онда 7 жылға дейін беріледі. Несие алған жастарға 1,5 жылға «каникулярлық кезең» ұсынылады, яғни, аталған уақытта олар ай сайынғы жарна төлеуден босатылады.
Жастарды қолдау мақсатында нарық сұранысына қарай мерзімді оқыту жұмыстары да жүргізіледі. Жобаның аясында азаматтар жаңа мамандық меңгеріп, оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналаса алады. Қазіргі таңда мемлекет субсидиялайтын жұмыспен қамтылған азаматтардың 36%-ы жастар.
2023 жылы жас өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысын 70%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, мектептер, колледждер мен балабақшалар педагогтарының жалақысы 25%-ға өседі. Мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Денешынықтыру мұғалімдеріне сабақтан кейін қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін ай сайын қосымша ақы төленеді.
Жалпы, білім саласын алдағы жылы ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Бұл өзгерістер туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында айтқан болатын. Алдағы жылы мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға ерекше назар аударылады. 2021 жылдан бастап педагогикалық жұмысқа тұру үшін сертификаттау енгізілді. Диплом жұмысқа тұру үшін енді жеткіліксіз, міндетті түрде өз пәні және әдістеме бойынша тестілеуден өту қажет. Енді біліктілігін арттыру 5 жылда емес, 3 жылда бір рет болады. Директорлардың кадрлық резерві қалыптасады, білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау тетігін іске асыру жалғасады. Сонымен қатар білікті кадрларды дайындау және біліктілігін арттыру үшін «Педагог» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі.
Бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін арттыру жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де ата-аналарға қатысты болады. Бүгінде 552 мыңдай жұмыс істейтін және 60 мыңнан астам жұмыс істемейтін ата-ана бар. Бұл ретте жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан олардың жалақысының 40%-ы мөлшерінде төлем төленеді. Мамандар атап өткендей, азаматтың табысы және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу тәжірибесі неғұрлым көп болса, соғұрлым әлеуметтік төлемдердің мөлшері де жоғары болады.
Айта кету керек, бала күтімі бойынша төлем мерзімін ұлғайту – қазақстандық балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі шаралар кешенінің бір бөлігі ғана. Мәселен, 2023 жылдан бастап, «Алтын алқамен» марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені табысталғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Бұл ретте «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне «Марапатталған аналар» деген жаңа мәртебе беріледі. Сонымен бірге, бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік пакетті монетизациялау жағы қарастырылуда.
Айзат ИБРАГИМ