Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапары аясында Қостанай, Рудный қалаларындағы және Қостанай ауданындағы жайлы мектептердің құрылыс нысандарын аралады.
Облыстағы оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін 1 980 орынға арналған 3 мектептің құрылысы аяқталуда. 2025 жылға дейін тағы 9 мектеп салынады, оның 8-і «Жайлы мектеп» жобасы аясында, олардың 6-ы биыл пайдалануға беріліп, 2-і 2025 жылы аяқталады. Осы ұлттық жоба аясындағы барлық мектептер заманауи оқу жабдықтарымен және жиһаздармен жабдықталады.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру облыс бойынша 6 300 мектеп жасындағы балаға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасап, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко да осы сапар барысында қаладағы 2 мектеп нысанын таныстырып, талқылаулар өткізді.
Бұл туралы облыс әкімі өз инстаграм парақшасында жариялады.