Талапткерлердің басым бөлігі Алматыдағы жоғары оқу орындарын таңдаған.
104 мыңнан астам талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берді, деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 10 мыңға артық.
«Ең көп таңдалған қала – Алматы, 42 мың бала оңтүстік астанамызды студенттік шақ өткізу үшін таңдаған. Елорданың оқу орындарында оқу үшін 22 мың өтініш қабылданса, 6,5 мың адам Шымкент қаласының университеттерінде оқуға ниет білдірген», – делінген хабарламада.
Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Оның құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.
Грант иегерлерінің тізімі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайтында және @gylym_jogary_bilim телеграм-арнасында, www.testcenter.kz сайты (ҰТО-ның ресми сайты) және TESTCENTERKZ телеграм-арнасында 10 тамызға дейін жарияланады.
Ал жоғары оқу орындарына қабылдау, әдеттегідей, 25 тамызда аяқталады.