Жиенқұйрық деген не?

Бұл салт – нағашылар мен жиендердің,қыздар мен төркіндердің алыс-беріс, барыс-келістерін жиілете отырып қарым-қатынастарын нығайтып, бір-бірлеріне туыстық сүйіспеншіліктерін арттырады.

 Жиенқұйрық – нағашыларының жиендеріне берген мал-дүниесі мен тартқан тартулары, сыйлаған сыйлықтарын айтады. Қазақ халқы жиендерін ерекше жақсы көреді. Қандайда еркелігі мен тентектігін қабақ шытпай көтереді. Сол себепті, жиендер нағашыларынан қалаған затын, қалаған уақытында ала береді. Оның қолын ешкім қақпайды. Бұл тартулар мен сыйлықтардың «жиенқұйрық» аталып кету себебі бар.

Ертеде Майқы бидің Сімет деген өте ақылды бір жиені болыпты. Бір жолы ол нағашысына барып:

– Нағашы ата, мына 20 ешкіңіздің келер жылғы онының төлін беріңіз, – депті. Сонда Майқы би:

– Жоқ, жиенжан, саған жартысын бере алмаймын! Себебі, келер жылы кенже нағашың үйленгелі отыр. Егер мақұл көрсең, келер жылы туылған еркек лақтар түгел сенікі болсын да, еркек лақ тумаса, маған өкпелеме, – депті.

Қызық болғанда, келесі жылы жиені барса, нағашысының 20 ешкісі түгел егізден 40 еркек лақ тауыпты. Сімет 40 серкеш айдап қайтыпты. Кейде жиенге: «40 серкеші бар» деп айту содан қалыпты деседі.

Бірде Сіметтің көзі нағашысының 40 биесіне түседі. Орайы келгенде нағашысына барып:

– Ау, нағашы ата, мінетін атым қартайып қалды, ат қылып мінетін екі-үш тай беріңіз, – деп сұрапты. Сонда бір жолда 3 тайды бір-ақ беруге қимаған би:

– Тайлардың түгел иесі бар. Келер жылы туылған шұбар құлындар түгел сенікі болсын. Одан артыққа ауыз ашпа! Бұдан кейінгі жұрт жиенінің сұрағанын үш-ақ рет берсін жəне бұл кейінгілерге салт болып қалсын, – деген екен дейді жиенінің қайта-қайта мал сұрағанына шыдамай.

Əне-міне дегенше бір жыл өте шығыпты. Қызық болғанда, Майқы бидің 40 биесі 40 шұбар құлын туыпты.

Араға тағы бір жыл салып, Сімет 40 шұбар тайын айдап алайын деп барса, Майқы би тайларын түгел тығып тастап:

– Ойбой, жиенжан, сенен қатты ұят болды. 40 тайды бір айдың алдында түгел ұры əкетті, – деп бермей, оған ренжімей қайт деп, бірнеше бұзау-тана айдатып қайтарған екен дейді.

Содан бастап ол жиендердің нағашыларынан қанша мал-дүние алса да, «40 шұбар тайым бар» деп даулайтын бітпес дауына арқау болып қалыпты деседі.

Бұл салт – нағашылар мен жиендердің, қыздар мен төркіндердің алыс-беріс, барыс-келістерін жиілетіп, қарым-
қатынастарын нығайтып, бір-бірлеріне туыстық сүйіспеншіліктерін арттырады. Өрістерін кеңейтеді. Сондай-ақ, адамдарды ақкөңіл, ашық-жарқын, жомарт болып, тыныш, орнықты, бай-бақытты қоғам құруға баулиды.

Айзат ИБРАГИМ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *