Бірлік әнін ту етіп

Қазақстан Республикасы өз егемендігін жариялаған жылы халықты әсем әндерімен жадырату ниетімен «Жадыра» ансамблі де құрылған болатын. Былтыр ел Тәуелсіздігімен қатар 30 жылдық мерейтойын атап өткен ұжым Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында «Алые паруса» мәдениет үйінде тегін концерт қойды.

Қазақ әндерін сақтау, дамыту, оның мәдени байлығын көрсетуді мақсат еткен ансамбль еліміздегі түрлі этнос өкілдерімен
сыйластық қарым-қатынас құрып, өзара сенімділікті нығайтуда. Бұл мақсат ансамбльдің репертуарында қамтылған әндерде көрініс тапқан. Жұртшылықтың жүрегінен орын тапқан, әсем әндерімен қуантып, сахна төрінде жарқырап жүрген Рудный қаласының «Жадыра» халықтық ансамблінің өнерпаздары бұл күні 7 ұлттың тілінде ән шырқап, көрермендердің шексіз қошеметіне бөленді.

«Жадыра» ансамблі колледждер мен мектептер, интернаттар мен кітапханаларда өтетін шығармашылық кештердің қалаулы қонағы. Қостанай, Лисаков қалалары, Меңдіқара, Бейімбет Майлин аудандары мен Қашар, Горняцкий, Перцевка, Юбилейный ауылдарында және де «Орбита» демалыс орталығында өз өнерлерін көрсетіп тұрады.

Бүгінде ансамбльге 55-82 жас аралығындағы 19 кісі мүше. Сыңғыр дауысты апаларымыздың қатарына соңғы жылдары ер адамдар қосылыпты. Отыз жыл бойы көрермендердің көзайымына айналып, халықты әнімен жадыратып жүрген «Жадыра» ансамблінің ғұмыры ұзақ болсын!

Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *