«Екі ішектің бірін қатты,бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ-қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» – деп Қадыр Мырза Әли жырлағандай, қазақ халқының әрбір шығармаларында өзіндік тарихы бар, әр қазақ үшін киелі домбыра – ұлтымыздың символы
Ал, қазақ күйі – адам жанын тебірентетін бір әлем және тарих беттерінен ой шертеді. Салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды да ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келеді.
Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Сондықтан домбыра әр қазақтың төрінде ілулі тұрады. Соңғы жылдары киелі аспапты мемлекетіміздің ұлттық құндылықтарының біріне айналдыруға мән берілуде. Мұның нақты бір мысалы – ұлттық домбыра күнінің бекітілуі.
Мерекелік күніне орай Рудный қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің Мемлекеттік тілдегі кітапаханасында «Домбырам, жүрегіммен үндес едің…» атты мәдени- танымдық іс-шара өткізілді. Негізгі мақсаты халқымыздың мұрасы – домбыраның тарихы, атақты күйшілер туралы ақпарат беру, өз ұлтының музыка өнерін сүюге, қадірлеуге тәрбиелеу.
Іс-шараға «Кездесу» клубы мен «Жадыра» ансамбілінің мүшелері, қала қонақтары қатысты. Шарада Қыдырбек Өтебайұлы, Бақдина Бирмаганбетова баянның сүймелдеуінеде «Гүлдерайым», «Гәкку» халық әндерін орындады. Шәмшия Қайыркенова «Домбырам, жүрегіммен үндес едің…» әнін және немересі Рауан Рахметжанмен бірге «Тепең көк», «Балбырауын »күйлерін әуелетті. Муслим Баймурзенова апа домбыра күніне өзінің шығарған «Сыр домбыра» арнау өлеңін оқып берді.
Мерекеге келген ақсақалдар жылы лебіздерін білдіріп, осындай іс-шаралардың жалғасын табуына тілек білдірді.
Кітапханашы «Домбыра – асыл қазынам» атты кітап көрмесіне шолу жасап, бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырған қасиетті аспабымыздың тарихы екенін кеңінен насихаттады.
Гүлбараш УАЛИЕВА,
Мемлекеттік тілдегі кітапхана меңгерушісі