«Вейп» дегеніміз – аккумулятор мен буландырғыштан тұратын электронды темекінің түрі. «Вейпинг» жастар арасында пайда болған жаңа ағым десек те болады
Нәтижесінде бұл топтың өкілдері электронды толтырылған темекінің қауіпсіздігін насихаттайды. Сонымен қатар, бірнеше шылымқорлардың басын біріктіріп, аталмыш заттың дизайн үлгісі және хош иісі, дәмімен көпті еліктіреді. Дегенмен, мұны денсаулыққа зияны жоқ деп есептегенмен алғаш рет АҚШ-та вейпердің өлімі тіркелген болатын.
Расымен де, вейптің құрамында не бар екені көпшілікті қызықтыратыны даусыз. Жалпы, оның ішінде тұрмыстық химия заттарында кездесетін пропиленгликоль, глицерин кездеседі. Тіпті, вейптің құрамында аллергия шақыруы мүмкін хош иістендіргіштерден бөлек буының өзінде 31 қауіпті зат бар. Сонда адам не жұтады? Одан зиянды нәрселер бөліне ме? деген сауал жауабын аталған пропиленгликоль, глицерин анықтамасын оқу арқылы да түсінуге болады.
Ғалымдардың зерттеуінше, уытты химикаттардың бірі – диацетил. Ол хош иістендіргіштердің 75 пайызында болады. Мұны тамақ өнеркәсібі де пайдаланып жатады. Бірақ, деммен ішке көп тарта берсе, өкпеде қабыну процестері басталады. Бронхшалар тарылады, тыртықтар пайда болады. Уытты заттардың әсеріне келер болсақ, пропиленгликоль ағзада жиналып, аллергиялық реакцияларды қоздырады. Бауыр мен бүйрекке зиян тигізеді. Пропиленгликоль мен глицерин ыдырағаннан кейін акролеин мен формальдегид қалады. Акролеин көздің шырышты қабығына әсер етсе, формальдегид жүйке жүйесіне салмақ түсіреді. Никотин қатерлі ісік ауруына әкеліп соқтырады. Ал құрамында никотині бар буды көп жұта берсе, адамның жүрегі айниды, басы айналады. Ас қорыту жүйесі бұзылып, іші өтеді. Сондай-ақ, бір вейпті бірнеше адам қолданған жағдайда гепатит, туберкулез сияқты аурулар таралуы мүмкін. Жүкті әйелдерге, аллергиямен ауыратындарға және кәмелет жасқа толмаған балаларға вейп шегуге болмайды.
Десе де, мұны білсе де одан бас тарта алмай жүргендер баршылық.Соның бірі – Рудный қаласының тұрғыны, 27 жасар Ербол. Оның айтуынша, қарапайым шылым шегуден басталған тәуелділіктен құтылу үшін оны электронды темекіге алмастырған.
– Темекінің қай түрі болсын зиян екенін жақсы білемін. Шылым шегуді доғарамын деген мақсатта вейпке көшкен болатынмын. Дәмі, иісі өзгеше болғаны еліктіргенін жасырмаймын. Күніне шамамен 30 рет электронды темекіні шегемін. Бірақ, вейпке ауысқалы керісінше тәуелділік екі есеге артты. Жалақымның тең жартысын да осы затқа жұмсаймын. Оның базалық түрлері 5 мың теңге, жартылай кәсіби түрі 15 мың теңге сомасында, кәсіби түрі 40 мың теңге тұрады. Ал кейбір дүкендерде 2 мың теңгеге сұйықтық алуға болады, — дейді ол.
Оған қоса, оған психологиялық тәуелділіктің де барын жасырмады. Қазіргі таңда маман кеңесіне жүгінгенін де атап өтті.
Осы уақытқа дейін әлеуметтік желілерде вейпке қарсы ата-аналар дабыл қаққан болатын. Бұған дәлел Екатеринбург қаласында 15 жасар бала электронды шылым шегемін деп тісінен айырылғаны жарияланған еді. Stan.kz ақпараттық порталының мәліметінше, жасөспірім досының үйінен вейп әкеліп, оны жалғыз қалған кезде іске қосқан. Салдарынан баланың ауыз қуысы ауырсынып, алдыңғы бес тісіне зақым келген. Бұл – біз хабардар болған жағдайдың бірі ғана.
Аналардың бірқатары баласының электронды шылымды қолдануын білу қиынға соққанын айтуда. Себебі, вейптердің иісі жеміс-жидектің иісіне ұқсас болады, дәмі жоқ көрінеді. Тіпті, құтысының өзі сәнді дизайнда дайындалған. Дәрігерлер жасөспірімнің шылым шегуін анықтаудың бірнеше белгілерін ұсынып отыр. Егер баланың киімінде түсініксіз майлы дақтар мен бөлме ішінде түсініксіз иіс пайда болса, тамаққа деген тәбеті азайса, қалта шығыны көбейіп, жиі қаражат сұраса, сөйлеу мәнерінде әдепсіз сөздер қолданса, онда жасөспірім тәрбиесін назарға алу қажет. Әке-шеше ретінде мектеп маңындағы дүкендерге де барлау жүргізу керек.
Бүгінде электронды темекінің зардабы туралы зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Адамға «темекіні тастауға көмектеседі» деген тиімді тұсы дәлелденбеді. Салдарынан әлемнің 25 елінде вейпке тыйым салынды.
Ал Қазақстанда мектеп оқушылары арасында аса танымалдылыққа ие бұл электронды темекіні сатуға және қолдануға ресми түрде тыйым салу көзделіп отыр. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың сөзінше, денсаулық кодексіне құрамында сұйық, газ, хош иістендіргіштер сияқты темекі қоспалары бар электронды құрылғыларды, яғни вейп сатуға және пайдалануға тыйым салатын өзгертулер енгізілмек.
Түйін:
Өкінішке қарай, вейпті ермек етушілер қатарында үлкендермен бірге жасөспірімдер мен мектеп оқушылары да бар. Олар оның талғамға байланысты түрлі дәмі мен кез келген ортада емін-еркін будақтата алатынына алданып жүр. Алайда, жылдан-жылға қатері артатын электронды шылымның зиянын ойламайды да. Сондықтан, сіз бен бізге ұлт саулығы мен қауіпсіздігіне төнген қатермен күресетін кез келді. Ол – бүгінгі қоғам қолында!
Айдын АСҚАР
газета «Рудненский рабочий»