ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құруға арналған әлеуметтік, экономикалық, саяси және конституциялық реформалары бүгінде бұқаралық халықтың қолдауына ие болып отыр.
Қолға алынып жатқан өзгерістерге Рудный қаласының тұрғындары да бір адамдай атсалысып келеді. Осы орайда, азаматтары-
мыздың ой-пікірін қарап көрсек.
Медет Төретаев, «ERG сервистік орталығы» ЖШС қызметкер:
«Мемлекет басшысының биылғы саяси реформалары негізінен суперпрезденттік жүйеден бас тартуға арналған бастамалардан тұрды. Атап айтқанда президенттің партияға мүше болуына заң жүзінде тыйым салу, орталық сайлау комиссиясы төрағасы мен мүшелері, есеп комитеті, конституциялық кеңес мүшелерін партия құрамынан шығару, әкімдерге партия филиалдарын басқаруға тыйым салу, президенттің жақын туыстарына саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік құрылымдарды басқаруға тыйым салу, мәжілістің 70 пайызын пропорционалдық (партиялық тізім), 30 пайызын мажоритарлық жүйе (өзін-өзі ұсыну) бойынша жасақтау сияқты мәселелер көтерілді.
Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында жалпыхалықтық референдум өтіп, оның қорытындысы бойынша Конституциясының 33-бабына 56 өзгеріс енгізу мақұлданды.
Бүгінде аз ғана уақыт аралығында сол бастамалардың оң нәтижелерін көріп отырмыз. Әрине, «Жаңа Қазақстанды» құру бір күннің ісі емес. Өйткені 30 жыл бойы ескі жүйе тамырын тереңге жайды. Оны өзгерту үшін қоғамның санасына әсер ету керек, заңның үстемдігін сақтап, жемқорлық сияқты жегі құрттан арылуымыз шарт. Баршаңызды осы істердің оң нәтиже беруіне атсалысуға шақырамын».
Раушан Рамазанова,
Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназияның мұғалімі:
«Кез келген егеменді елдің ерекше мән беретін бағыты – білім саласы. Себебі аяғына енді ғана тұрған ел мықты мамандарды қажет ететіні белгілі.
Одан бөлек, мемлекеттің бүгіні мен ертеңі білімді ұрпаққа тікелей байланысты. Осынау 30 жыл ішінде Қазақстанның білім саласында неше түрлі реформалар жүргізілді. Дегенмен діттеген межеге әлі жете алмай
отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары мен Жолдауларында білім саласына айрықша назар аударып, бәсекеге қабілетті ұрпақ дайындауға басымдық беріп келеді.
«Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді, – деген болатын Президент.
Мемлекет басшысының «педагогтардың жағдайы жақсартылмаса салада оң өзгерістер бола қоймайды» деген пікірі орынды. Заман қарыштап дамып, озық технологиялар қолданысқа енгізіле бастаса да оқушының сапалы білім алуы үшін мұғалімдердің маңызы ерекше. «Мектептің жаны – мұғалім» деп тегін айтылмаса керек. Бұл тұрғыда, оқушыларымыздың озат болуына, жаһандану заманына сай ұрпақ тәрбиелеуге жауапты білім саласы қызметкерлерін қолдауға қатысты шаралары үздіксіз жүргізіле беруі тиіс.
Білім сапасына әсер ететін бір фактор – педагогтардың мәртебесі мен кәсіби шеберлігі… Мұғалімдерді қоғамда өте танымал адам ету, сыйлы ету керек. Білім – барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады».
Айдын ҒАЛЫМҰЛЫ
газета «Рудненский рабочий