Жолдау жүктеген міндеттер

Сонымен, 1 қыркүйек күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылдағыдай, Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Бес бағдардан тұратын құжатта Мемлекет басшысы Жаңа, әрі әділетті Қазақстан құруға жақсы бастамалар көтерді. Осы орайда Жолдауға қатысты рудныйлықтардың пікірін білген едік.

Мерей Өтеулиев,

«Қашар кені»

АҚ қызметкері:

Жуырда Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбында халыққа Жолдау жолдады. Оны Қазақстан халқы үлкен үмітпен күтті әрі ол үміт ақталды да. Жалпы әрбір Жолдаудың сол уақыттың талабына сай мән-маңызы болады. Биылғы Жолдауда көкейде жүрген ауқымды мәселелер қамтылған. Білім, денсаулық, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық секілді салаларға да көңіл бөлінген. Көпшіліктің талқысына түсіп жүрген тақырыптың бірі – әйелдердің зейнет жасы. Аталған мәселе Президент назарынан тыс қалмай, 2028 жылға дейін 61 жас болып тоқтатылды. Бұл үлкен шешім, үлкен қадам.

Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балаларға қор есебінен ақша жинақтау өзге дамыған елдерде бар тәжірибе. Негізінен мұндай қадамдар ел экономикасы көтеріліп, дамып, жақсы серпілісте тұрған кезеңде жасалады.

Президент өз сөзінде қабылданып жатқан бұл реформалар өзгерістердің басы ғана екенін жеткізді. Яғни алдағы уақытта мұнан да өзге оң бастамалардың қатары артатыны анық.

Сонымен қатар көпке жаңалық болғаны – кезектен тыс Президент сайлауының өтетіні. Бұл қолға алған бастамалар мен оң өзгерістердің аяқсыз қалмауы үшін жасалған бірден-бір оңтайлы шешім. Ал Президент мерзімін 7 жылмен және бір реттік етіп шектегені, бұл орынға отырған адамға үлкен жауапкершілік жүгін артып, осы уақыттың ішінде тарихи істерді атқаруым керек деген ойдың туындауына себеп болады.

Жолдауда айтылған әр сөздің құны бар, әр тапсырманың жүгі бар. Оның толыққанды жүзеге асырылуы – сіз бен біздің қолымызда.

Жанна Күзембаева:

№15 «Балдәурен»

балабақшасының

меңгерушісі:

«Егеменді еліміз үшін білім саласы қашанда басты назарда. Білім мен ғылымның шырағын жаққанда ғана мемлекет дамып, болашақтың кепілі болған жастар әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында бұл бағытта бірқатар мәселе айшықталды.

«Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде үлкен рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды», – деді Президент.

Шындығында, бүгінгі уақытта әрбір бүлдіршін қатардан қалмай, мектепке даярлық сатысынан өтуі қажет. Өйткені, әлемдік үдеріс лебімен білім жүйесінде көптеген реформа жасалды. Соның нәтижесінде уақыт талабына сай жаңа оқу бағдарламалары енді. Ендігі жерде балабақшаның мектеп табалдырығын аттар жас шәкірт үшін ең бірінші баспалдақ санатына енетіні де анық жайт.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажеттігін баса айтты.

«Оған қоса тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады», – деді Мемлекет басшысы. Оған қоса алдымен балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет екенін ескертті.

Жолдауда айтылған осынау игі бастамалармен қатар көптеген сала бойынша жүргізілетін реформалар алдағы уақытта өз жемісін береді деп сенеміз. Ол үшін, Мемлекет басшысы атап өткендей, әрбір қазақстандық білімді, еңбекқор әрі әділ болуға тиіс. Сонда ғана қуатты ұлтқа, дамыған мемлекетке айналамыз».

Айзат ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *