«Мені қазір ғұмыр кешіп жүр демесең, құр сүлдерім ғана қалған… Сәкеннің жалғызын өлтіріп алдым, аманатына қиянат жасадым». Бұл – ақын Сәкен Сейфуллиннің жесірі, АЛЖИР түрмесін көрген Гүлбаһрамның зары.
Сәкеннің 1936 жылы туған Аян деген ұлы болған. Алматыдан Ақмолаға айдалған Гүлбаһрам сәбиін құшақтап, кетіп бара жатқан азап түрмесінде уайым шегіп, оны зор мехнат күтіп тұр еді! Сәкеннен тірідей көз жазып, сәбиін құшағына қысқан сорлы әйел не күтіп тұрғанын жорамалдауға мұршасы да келмеген. Аян вагонды басына көтере жылап, қызуы көтеріліп, ауырып қалады. Қанышер конвой сәбиді жылатпа деп әмір береді. Суық вагонда сорлы ана қалғып-мүлгіп отырғанда, малғұн орыс жастықты баланың бетіне жаба салады… Міне, солай Сәкеннің жапырағы үзілген…
Сәкен мен Гүлбаһрам соңғы рет 8 ақпанда кездескен болатын. Оның өзінде небәрі 2,5 минут қана тілдескен. Сәкеннің соңғы тілегі: «Аянды сақта!» болған.
Кейін Гүлбаһрам соңғы кездесуі туралы былай дейді: «… Кірсем, кірпігі көзіне жабысып, өңі құп-қу Сәкенім отыр. Нарттай беті қарайып кеткен. Жағы суалған. Қайратты қара шашын сыпырып тастаған. Шашы 4-5 айда ағарып кеткені көрініп тұр. Көз жанары сөнген. Өң жоқ. Екі ұрты ішіне кіріп кеткен. Тістері қаусап қалған болу керек. Алдымда отырған бір аруақ секілді… Бұл кездесу Сәкенді соңғы көруім екен…».
14 тамыз күні НКВД Гүлбаһрамды АЛЖИР-ге айдады. Сол жаңбыр аралас қар жауған күні сорлы ана Сәкеннің туған інісі Мәжитке барып: «Ағатай! Сәкеннің тұқымы ғой, Аянды алып қалшы» деп жылап, өтініш айтады. «Байтал түгіл, бас қайғы» заманда Мәжит Аянды алмақ түгілі «Сәкен менің туысым емес!» деп кетіп қалады. Мәжитті жазғыруға болмайды.
Аян 16-нан 17-не қараған тамыз түнінде опат болады. Аянның есімін Мұхтар Әуезов қойған. Ақын Алматы түрмесінде (25 ақпан) атылды. Ақын-жүрек ұлының өлерін сезді ме екен?! Гүлбаһрам ештеңеден хабарсыз еді…
АЛЖИР-дан шыққан соң, Сәкенді ақтау комиссиясына қатысып, мұрасын түгендеп, естелік жазып, Аянның жерленген жерін (Көкшетау) көрсетіп, ақынның 80 жылдығына дайындалып жүргенде бейбақ Гүлбаһрам (1973) өмірден өтті…
Дереккөз: Е. ТОҚТАРБАЙ,
«Сәкен-ғұмыр» мақаладан үзінді