30 жыл Құрқұдықта жатқан қажы

Осы күні бәріміз философ-ақын, ірі қазақ ойшылы ретінде танитын Шәкәрім қажы Құдайбердіұлын Абзал Қарасартов 1931 жылдың 2 қазанында атып, сүйегін Бақанас бойындағы Құрқұдыққа тастап кеткен. Қажының жаназасы оқылмаған. 30 жыл сүйегін ешкім құдықтан ала алмайды.

Қажының ұлы, ақын әрі зерттеуші Ахат 1961 жылы шілде айы­ның 27-сі күні әкесінің мүрде­сін қазып, сүйегін тырнағына дейін түгендеп санап алды.

Осы оқиға жайлы өзі: «…әкемнің сүйегін тастаған құдықты жалғыз қазып, алғашқы күні метрден артық қаза алмадым. Жаныма адам алмай жалғыз қазған себебім: біреу болса, ол асығып, сүйектің бір жерін сындырып алар деген ой келді», дей отырып, 28 шілде күні барлық сүйегін толық қазып алғанын, тек екі сүйегі бүлінгені жайлы айтушы еді жарықтық. Бүлінген сүйектің бірі – оң жақ тоқпан жіліктің басы екен. Дәл сол сүйектен оқ тиіп­ті. Екінші оқ төс сүйегін тесіп өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын талқандапты.

Тамыздың 8-і күні Ахат әкесі­нің қазып алған сүйегін Жиде­байға апарып, Абайдың зиратынан 60 метр жердегі дөңнің үстіне жерледі. Жаназаға 100-ге жуық адам қатысыпты. Ел-жұрт қажының жерлеу жабдығына 6 қой, 240 рубль ақша қосты деп жазған-ды. Өкінішке қарай, қажының жаназасы түн ішінде оқылған екен.

Асылында, Шәкәрім қажы — Абай мектебінің ең танымал өкілі. Абай дәстүрін, мәдениетін жаңа биікке көтерген, қазақ өлеңіне жаңа леп әкелген үлкен ойшыл ақын. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының мүшесі. Халық соты.

«Шаш ал десе, бас алатын» имансыздар, Құдайсыздар қоғамы орнағанда, қажы елсіздегі Саят қораға кетіп, жалғыз өмір кешіп, құлшылық жолында жүрген-ді. 2 қазан күні аң аулап жүргенінде НКВД бөлім басшысы Абзал Қарасартов 73 жастағы қажыны жау деп санап, атып тастайды. Тарихымыздың қаралы бір беті бар осындай…

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *