Алаш тұлғаларының балалары не қиындық көрмеді десеңізші! Тағдыр-талайын ойласаң, жүйкең сыр береді. Олардың балалық шағы да болмады. Большевиктер олардың балалық көктемін ұрлады. Мінез-құлқын бұзды.
Алаш балаларының естелігін оқысаң, күйіп кетесің. Міне, сондай бір жүрек ауыртатын оқиғаны Бектұр Жүсіпбекұлы айтады (Аймауытұлының баласы).
«… Бір күні Қызылордада әкем Ахмет атаның үйіне барды. Онда Міржақып, Ғаббас Тоғжанов бар біраз адамдар бас қосты. Әкем күй тартты, Жақаң ән салды. Біраздан соң сыраға қызып алған Ғаббас Тоғжанов “Сені құртам, сен “КР-сың” деп әкемнің жағасынан алды. Мен ол кезде тоғыз жасар баламын. Әкемнің жағасынан алмақ түгілі үлкен-кіші бір көруге зар болып, иіліп сәлем беретін, тағзым қылатын. Шошып кетіп, бақырып жылап жібердім. Ашуланған алпамсадай денелі балуан атам Ахмет оны жағадан ұстап ап, алып соғып, үйдің есігінен бірақ лақтырып, қуып жіберді. Біз түнде Міржақыптың киіз үйіне барып қондық. Бірақ Ғаббас Тоғжанов өшпенділігін, қастығын қоймады…», – дейді.
Иә, сол Ғаббас коммунистік Қазақстанның идеологиясына жауапты болған жылында ең алдымен қазақтың мәдениетті жазушысы, Алаш ұстазы Жүсіпбек Аймауытұлын Мәскеу түрмесіне айдатты. Сөйтіп, Жүсіпбек алғаш болып 1930 жылы ату жазасына кесіліп, қаза тапты.
Жүсіпбек өлген соң, балалары Жанақ пен Бектұр, қызы Муза тағдырдың ащы да кермек дәмін тартты.
Жүсіпбектей хас жазушының рухына, балаларының рухына Фатиха!
Бектұрдың қилы тағдыры болған. Оны реті келсе асықпай жазармын. Суреттерде Жүсіпбекұлы Бектұр бар. Алашыңды тани жүр, біле жүр деп уақыт бөліп, білгеніммен бөліскенім ғой. Қабыл алыңыздар.
Елдос ТОҚТАРБАЙ